Павлодарда Олимпиада жүлдегері әскери қызметкерлерге қол көтергені үшін сотталды

Qaz365.kz редакциясы
olympic.kz

Павлодар қаласында Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, белгілі балуан Дәулет Шабанбай үш жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Ирбис TV хабарлады, деп жазады Qaz365.kz.  

Іс сотта Қылмыстық кодекстің 380-бабы, 4-бөлігі («Билік өкіліне күш қолдану») бойынша қаралды.

Тергеу дерегінше, оқиға биыл қыркүйек айында болған. Спортшы Сұрағанов көшесіндегі кафеде алкоголь ішіп, кейін көшеге шыққан. Сол сәтте оны әскери бөлімнің сарбаздары тоқтатып, құжаттарын көрсетуін сұраған.

Алайда Шабанбай олардың талабына бағынбай, бір сарбазды иығынан теуіп, екіншісінің көзінен ұрған, кейін қайтадан алғашқысына беттен соққы жасаған.

Сотта спортшы кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді. Оның адвокаты соттан жазаны жеңілдетуді сұрап, сотталушының кәмелетке толмаған балалары мен егде жастағы ата-анасы бар екенін айтты.

Прокурор болса, нақты мерзіммен төрт жыл түрме жазасын сұраған.

Сот спортшының кінәсін дәлелденген деп танып, үш жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.

«Қоғамнан оқшауламай түзеу мүмкін емес, дегенмен ең төменгі жаза тағайындалды», – деді Судья Айгүл Ахметова.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Дәулет Шабанбай – еркін күрестен Азия чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, 2012 және 2016 жылғы Олимпиадалардың қатысушысы.
2019 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының нәтижесін қайта қарап, Шабанбайға қола медаль табыстаған болатын.