«Көше шамы, жемқорлық»: Өскеменде бюджеттен 320 млн алған шенеунік сотталды

Qaz365.kz редакциясы

Шығыс Қазақстанда «ШҚО мемлекеттік-жекешелік әріптестік өңірлік орталығы» АҚ-ның бұрынғы басшысы Д.Б. Батырбаев пен бірнеше тұлғаға қатысты сот үкімі шықты. Айыпталушылар көше шамын энергия үнемдейтін шамға ауыстыратын жобаны алып, мемлекет қаржысын жымқырған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Олардың жобаның бағасын негізсіз өсіріп, жалпы 320 млн алғаны белгілі болды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің деректеріне қарасақ, оларға бюджет қаражатын жымқыру, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық кірісті заңдастыру деректері бойынша айып тағылды.

Айта кетейік, 2019 жылы Өскемен мен Семей қалаларында «Көше жарығын жаңғырту» жобасы іске қосылған еді. Жоба ескі жарықтандыру құралдарын энергия үнемдейтін LED шамдарға ауыстыруды көздеді. Мақсат – электр энергиясын үнемдеу және қалалық көшелерді жарықтандыру сапасын арттыру болған. 

Айта кетейік, дәл осы істе бұрынғы басшы қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру үшін сенім артқан адамға ЖШС-ны тіркеп, оны қосалқы мердігер ретінде пайдаланып, жалған келісімдер жасаған.

«Сот үкімімен Д.Б. Батырбаев, Ю.Г. Халитов және Н.Т. Папышевқа 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, азаматтық талап қанағаттандырылды. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлік – тұрғын үйі бар жер учаскесі мен автокөтергіш тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді», — деп мәлімдегі Қаржылық мониторинг агенттігі.