Азаптау ісі: Атбасардағы бұрынғы түрме қызметкерлері ақталды

Qaz365.kz редакциясы
видеодан кадр

Ұзақ уақытқа созылған Ақмола облысында Атбасар колониясындағы сотталушыдарды азаптау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істің нүктесі қойылды. Сот алқасының шешімімен Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты мекеменің 12 бұрынғы қызметкері кінәсіз деп танылды, деп хабарлайды Qaz365.kz

Түрме қызметкерлерінің тұтқындарды азаптағаны көрінетін видеолар 2023 жылы қыркүйекте желіде тараған болатын. Сотқа тартылған 12 қызметкер «Азаптау» бабы бойынша айыпталған.

Азапталғандардың ішінде Тимур Дәнебаев бар. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Алматыға «20 мың террорист келгені» жайлы мәлімдемесі үшін президент Тоқаевқа қарсы қылмыстық іс қозғауға тырысқан Тимур Дәнебаев 2022 жылы ұсталып, 2023 жылы маусымда араздық тудырды деп 3 жылға сотталған болатын.

Бақытжан Төреғожинаның сөзінше, Тимур Дәнебаев және 40 шақты адам түрмедегі 12 қызметкердің үстінен «азаптады» деп арыз түсірген. 

Оларға сотталғандарға заңмен тыйым салынған тәсілдерді қолданды деген айып тағылған еді. Алғашқы ақтау үкімі биыл ақпан айында шыққан. Ол кезде де алқабилер колония қызметкерлерінің кінәсі дәлелденбеді деген қорытындыға келген. Алайда прокуратура бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсіріп, істі қайта қарауға жіберген. 

Қайта өткен сот отырысында алқабилер тағы да ақтау үкімін шығарды. Олар бұл істе қылмыс құрамы жоқ деп шешті. Үкімді қолдап 10 алқаби мен судья дауыс берген, барлығының пікірі тең дәрежеде ескерілді.

Нәтижесінде сот ҚАЖ-дың 12 қызметкерін толық ақтап, оларға оңалту құқығын берді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.