Қазақстанда Украинадағы соғысқа қатысқан азаматтар бойынша қылмыстық істер саны 700-ден асты

Qaz365.kz редакциясы

Украинадағы соғыс кезінде Қазақстанның шамамен 200 азаматы қаза тапқан

Украинаның Қорғаныс министрлігі

2025 жылы Қазақстанда Украинадағы соғысқа қатысу мақсатында Ресейдің әскери құрылымдарына қосылған азаматтарға қатысты 700-ден астам қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Медиазонаға сілтеме жасап.

Медиазона мен BBC Орыс қызметі жүргізген бірлескен есепке сәйкес, Украинадағы соғыс кезінде Қазақстанның шамамен 200 азаматы немесе осы елден шыққан тумалар қаза тапқан.

Зерттеу «Прощай, оружие» жобасымен бірге жүргізіліп, Қазақстандағы сот статистикасы мен нақты үкімдер талданған. Нәтижесінде қазақстандықтардың соғысқа тартылу жолдары анықталған. Материалда Ресей армиясына ең алдымен посткеңестік елдер азаматтарының белсенді түрде тартылып отырғаны айтылады. Соғыстың бастапқы кезеңінде бұл үдеріс көбіне «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясы мен өзге де параәскери құрылымдар арқылы жүрген. Ал 2022 жылдың күзінен бастап шетел азаматтарын Ресей Қорғаныс министрлігі тікелей келісімшартпен қабылдай бастаған, кейіннен жеделдетілген азаматтық алу мүмкіндігі де ұсынылған.

2025 жылдың сәуірі мен шілдесінде Украинаның мемлекеттік «Хочу жить» жобасы Ресей жағында соғысқан немесе соғысып жүрген 1200 Қазақстан азаматының тізімін жариялаған. Ал Қазақстан Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сүйенсек, биыл «шетел аумағындағы қарулы қақтығыстарға қатысу» және «жалдамалылық» баптары бойынша істер саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен.

2022 жылға дейін мұндай үкімдер саны 50-ден аспаған. 2024 жылы 17 іс жалдамалылық, 166 іс шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу дерегімен тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш айтарлықтай өскен. Биыл 709 іс – шетелдегі соғысқа қатысу, 28 іс – жалдамалылық бойынша қозғалған. Соттарда 100-ден астам іс «қатысу», 12 іс «жалдамалылық» бойынша қаралған. Жалпы, соғыс басталғалы бері сотқа жеткен істер саны 149 және 30-ға жеткен.

Зерттеуде көрсетілгендей, Орталық Азия елдерінен азаматтарды тарту тәсілдері ұқсас. Ресейге жұмыс іздеп барған адамдар қаржылық қиындықтарға немесе құжат мәселелеріне байланысты соғысқа баруға келіседі. Кейбір жағдайларда келісімшартқа мәжбүрлеу деректері де тіркелген. «Медиазонаның» дерекқорында соғыста қаза тапқандар 25 ел бойынша қамтылған.