Теріскейдегі қараша халықтың жағдайы
Солтүстік Қазақстан облысында халық санын көбейтемін деп үдере көшкен ел жайлы айтылғанына 5-6 жылдың жүзі болып қалды. Үй салудан бастап, үйдің жөндеу жұмыстарына дейін бөлінген ақшаны талан-таражға түсірген жемқорлықтың кесірінен 1 миллиард теңгеден астам бюджет қаржысы желге ұшты.
Атышулы мекенде заң мен тәртіпті сақтау үшін қызмет етіп жүрген Медет Қафизов Qaz365 тілшісіне қызметі мен өңірдегі қылмыстар жайлы сұхбат берді.
Жалпы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы 2017 жылы қабылданған болатын. Бұл бастаманың басты мақсаты – жұмыс күші мол өңірлерден еңбек қолы тапшы аймақтарға қоныс аудару арқылы демографиялық және әлеуметтік теңгерімді қамтамасыз ету. Солтүстіктегі халықтың санын көбейту үшін жасалған игі саяси бастаманы құлдыратқан жемқорлық жайлы БАҚ талай рет жазды. Үдере көшкен елге қосылып, аттанған қазақтың көбі жарықшағы бар, суықта пана болмайтын баспаналарға тап болып қатты қынжылды. Сол кезде қараша халық сабылып, құлақ асатын адам таппай, әбден қиналған болатын.
Редакциямызға хабарласқан тұрғындар осы істерді тіркеп, су мәселесі, үй мәселесі және тағы басқа мәселелерге бейжай қарамаған прокурор Медет Қафизовқа алғыстары шексіз екенін айта кетті.
«2024 жылы жөндеу жұмыстары созылып, аяқсыз қалғанда, тұрғындар прокуратураға жүгініп, ресми өтініш арқылы тексеріс басталды. Заңсыздықтар жайлы құжаттарды жинап, табанымыздан таусылып, мәселені шешуге тырыстық. Сол кезде Медет Қанатұлы халықтың үніне құлақ асып, әрбір қоныс аударушының үйіне жеке кіріп, атқарылған және атқарылмаған жұмыстарды құжаттармен салыстырып, жөндеуді толық бақылауға алды. Оның табандылығы мен әділдігі арқасында әкімдік бастапқыда тек 6–9 үйлерге жоспарланған жөндеуді 24 үйге дейін кеңейтіп, халықтың шынайы мұқтаждығын ескеріп, нақты әрекетке көшті», — деді сол ауданның тұрғыны Мадина Баймендина.
Ол Медет Қафизов істі қолға алғаннан кейін жөндеуді қажет ететін үйлер тіркеліп, жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтты.
Ақыры ТКШ басшысы Нұрболат Ғалымов пен әкімдіктің кей қызметкерлері жұмысынан кетті. Ал кейбір жауапты қызметкерлерге қатаң сөгіс жарияланды.
Мадинаның сөзінше, прокурордың қолғабысының арқасында көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар көп көмек алған. Бұрын қабырғаларынан жел гуілдеп, төбесінен су сарылдап ағып тұрған үйлерде енді жылу мен қауіпсіздік орнаған.
Ал Медет Қафизовтің өзі бұл жайлы былай дейді:
«Әрине, Солтүстікке ұлы көштің жалғаса бергені ұлттық мүдде үшін өте маңызды дүние. Сондықтан қызметке келе сала осы істі ерекше назарға алдық. Үйдің сапасыздығын айтып келген әрбір азаматтың өтінішін тыңдап, істерін тіркедік. Нәтижесінде қоныс аударушыларға арналған үйлердің сапасыз жөндеулері анықталып, барлық ақаулар түзетілді. Бұл әлеуметтік шиеленісті және БАҚ-қа дейін жеткен шағымдарды азайтты», — деді Медет Қафизов.
Қоныс аударушылармен бірге көшіп келген прокурор
Бір қызығы президенттік жастар кадр резервінде Астанада жүрген азамат өз еркімен осы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына сұранып, сол кездері ағылып жатқан қоныс аударушылармен бірге өз отбасын алып, көшіп келген. ол үлкен мегаполистерден тысқары, шалғай аудандардағы қараша халықтың жай күйін өз көзімен көріп, заң жүзінде елге көмектесуді мақсат еткен.
«Біз Астанада жүргенде аудандарға баратын мамандар керек екені айтылды. Сонда бірнеше азамат нартәуекел деп, баратынымызды айттық. Отбасымызбен бірге бас қаланы тастап солай көшіп келдік», —деді Медет Қафизов.
Ол өзінің прокуратура органдарында 2015 жылдың тамыз айынан бері қызмет еткенін айтты. Алғашында аудан прокурорының көмекшісі болып еңбек жолын бастаған. Бүгінде Айыртау ауданының прокуратурасын басқару мәртебесіне ие болып отыр.
«Мен сатылардың бәрінен өттім. Көмекшіден бастап Бас прокуратура жанындағы Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басқармасының аға прокурорына дейінгі қызметтерде болдым. Мұндай жол адамды шыңдайды екен. Жүйені тануға, халықпен жұмыс істеуге, заңдылық мәселесінде әрқашан берік ұстанымда болуға үйрендім», — деді Медет Қафизов.
Шетелге оқуға кетіп ізім-ғайып жоғалғандар
«Болашақ» халықаралық стипендиясын Қазақстаннан талай жастар шетелге білім алуға аттанды. Мемлекет ел мүддесі үшін қызмет ететін жастарға шетелден білім беру үшін миллиардтаған қаражатты бөлді. Дегенмен оның бәрі елге оралып жатыр ма? Өкініштісі сол, кейбір студенттер мемлекеттің ақшасын да қайтармай, сол шетелдерде білім алып, ары қарай қалып қойып жатыр.
Медет Қафизов «Болашақ» халықаралық стипендиясын алғаш тексерген прокурорлардың бірі. Тексерістің нәтижесінде ол білім алып, бірақ шетелдерден қайтпай қалып қойған жастарды анықтады. Оның қызметінің арқасында осы степендияның келісімшарттарына цифрлық қол қою жүйесі енгізілді. Ақыры «қашқын студенттер» бюджетке 2 млрд теңгеден астам қаржыны қайтаруға мәжбүр болды.
«Болашақ бағдарламасын тексеріп, шетелдерде қалып қойған студенттерді анықтадық. Мемлекет берген ақша далаға кетуі мүмкін еді. Бірақ тексеріс жасап, ақыры студенттер толығымен бюджеттен бөлінген ақшаны қайтарды», — деді Медет Қафизов.
Сонымен бірге ол 30 мыңнан астам баланың, жүздеген ата-ана мен мұғалімнің құқығын қорғағанын атап өтті. Нәтижесінде 19 лауазымды тұлға сотталды, 500-ден астам адам жауапқа тартылған. Мұндай нәтижелі жұмыстардан соң Медет Қафизов 2023 жылдың мамыр айында «Прокуратура үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
«Бюджет қаржысы қоғамның игілігіне жұмсалуы тиіс»
Медет Қафизов әрбір бөлінген қаржының қоғам игілігіне жұмсалуы тиіс екенін атап өтіп, бюджет қаржысын мемлекеттік сатып алу байқаулары арқылы жымқырғандарды ұстағандарын айтты.
«Әуелі мемлекеттік сатып алуға қатысып, бюджеттің ақшасын жымқыратындарды құрықтадық. Нақты қылмыстық істер бойынша 60 млн теңгеден астам қаржы бюджетке қайтарылып, 427 млн теңгелік мемлекеттік сатып алу жайлы келісімді тоқтатқанымызды айта аламын. Мемлекет бөлген әрбір қаражаттың игі іске жұмсалуы шарт деп білемін. Бір өкініштісі, аймақтардан бастап осы мәселеде ақша жымқыратын, алаяқтықпен айналысатын адамдар бар. Әрбір адам осы қоғамның бір бөлшегі екенін және оны жақсартуға атсалысу оның да мүддесіне жататынын санасына тоқып алса, мұндай әрекеттер азаяр еді», — деді Медет Қафизов.
Сонымен қатар прокурор үйсіз пәтерде сабылып жүрген көпбалалы және тұрмыс жағдайы нашар қарапайым тұрғындарға назар аударғанын айтты. Ол үй алу үшін тұрған тізімдіктегі кезектері бұзылған отбасылардың құқығын қорғап, әкімдікке сұрау салу арқылы пәтерлерін алып берген.
«Мен үшін ұстанымға берік болу, әділ болу және ашық болу маңызды. Мемлекеттік қызметші халыққа барынша ашық әрі есеп беруі керек. Сонда ғана расымен ел үшін қызмет атқарып жүрген азаматтардың еңбегі еленеді. Ал жастарды жауапкершіліктен қорықпауға шақырғым келеді. Біздің елге жеке пайдасын емес, қоғам игілігін ойлап еңбек ететін батыл да адал адамдар қажет», — деді Медет Қафизов.
Медет Қафизовтің қылмыстық-атқару жүйесіндегі тексерулерінің нәтижесінде №51 мекемеде прокуратура өрескел заңбұзушылықтарды анықтағанын айтты. Мекемеде 11 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 100-ден астам тыйым салынған зат тәркіленді. Казір жалпы еңбек қамту деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 34 пайыздан 75 пайызға өсті. Қазір «Модульдік цех» ашылып, жаңа жұмыс орындары пайда болған.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тек Айыртау ауданында ғана телемедицина, яғни қашықтан емдеуге мүмкіндік бар. Соның арқасында медицина саласындағы тапшы мамандар Қазақстанның кез келген жерінде отырып, онлайн әрі тегін сотталушыларға ем жазып, кеңес бере алады.
Айта кетейік, өңірдегі түрмелерде 500-ге тарта бейнебақылау камералары бар. Медет Хафизов өзінің кеңсесінен сол камераларды тікелей бақылап отырады.
«Мен үшін ең құндысы — аудан тұрғындарынан келіп түсетін алғыс хаттар. Қоныс аударушылардан, жұмысшылардан, баспана кезегіндегілерден келген алғыс пен жылы сөздер дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетеді», — деді Медет Қафизов.
Бүгін, 30 желтоқсан Медет Қафизов Тайынша ауданының прокуроры қызметіне тағайындалды.
Қадірлі оқырман, теріскейге халық санын көбейту үшін басталған үлкен көшпен ілесіп келген осындай қызметкерлер бар. Бізге сол өңірде тұратын оқырмандар прокурордың еңбегіне дән риза екендерін айтты. Qaz365 редакциясы сол өңірдің тұрғындарымен тікелей хабарласып, ондағы жағдайды бақылап отырады.