Күйеуінің қолынан қаза тапқан Айзат Жұманованың сотындағы жауапсыз қалған сұрақтар
Бүгін бүкіл Қазақстанды 2025 жылы дүр сілкіндірген атышулы сот ісіне үкім шықты. 32 жастағы Айзат Жұманованы аяусыз соққыға жығып өлтірген күйеуі Айбар Жанболат 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Дегенмен істе ашылмай қалған мән-жайлар мен жауапсыз қалған сұрақтар көп.
Qaz365.kz редакциясы қайғыдан қан жұтып отырған Айзаттың анасы Салтанат Жұмановаға хабарласты.
Тергеу барысында қандай гәп бар? Әлдекімдер куәгерлердің жауабына, соның ішінде ауруханадағы қызметкерлердің сөздеріне ықпал етті ме? Марқұмның денесі ауруханадағы бейнежазбаларда неге тізесі бүгілместен, тіпесінен тік жатты?
Қадірлі оқырман, бір Айзаттың өмірін жалмап, жақындарының шаңырағына орны толмас қайғы әкелген іске қатысты жәбірленуші тараптың сөзін назарларыңызға ұсынамыз.
«Марқұмға нақақтан-нақақ күйе жақты»
Марқұмның анасы Айзаттың ертерек қайтыс болып кетуі және қылмысты жабу үшін басқа да әрекеттер жасалған болуы мүмкін екенін айтты.
«Сот шешімімен келіспеймін. Бұл жерде басынан бастап тергеудің жүрмегендігін айту керек. Кеше жарыссөзде де айттым. Өйткені бұл жерде екі телефонның шыққандығы, бір мезетте Баласаз ауылынан табылғаны Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханадан табылғаны... екеуінің арасы бір 100 шақырымдай. Талдықорған мен Баласаз ауылының арасы 120 шақырым. Сонда сіз ойлаңызшы 3:05-те ауруханадан алады. 3:10-да Ақсу ауданынан бір мезетте қызыл түсті Samsung A10 маркалы телефонды алады. Екеуінің де нөмірлерін қапшыққа салады. Ақсу ауданы Баласаз ауылынан алған телефонды 7-нөмірлі қапшыққа нөмірлеп, аузын байлап, мөр басып, ақ түсті полиэтиленге салады. Талдықорған қаласында сол кезде алған полиэтилен қапшықтағыны қара түстіге салады. Сонда бұл тергеуде жалғыз ғана бір-ақ телефонды қарады. Екінші телефон жоқ болды», — деді марқұмның анасы.
Оның айтуынша, іс материалдарында бір-бірінен жүз шақырымнан астам қашықтықта бір мезетте табылған екі телефонға қатысты түсініксіз жайттар бар.
«Істе айтылған екі телефонның біреуі жоқ. Кәрімжановқа біреу қоңырау шалған. «Маған қоңырау шалды» дейді. «Кімнің қоңырау шалғаны есімде жоқ» дейді. Бірақ оны табуға болады ғой. Ол айтады: «Маған біреу қоңырау шалды. Мына жақтан телефон табылды деп» дейді. Оның Талдықорғанда табылған телефонда несі бар? Неліктен екені белгісіз екі телефон екі жақтан шығады. Екеуін де берсін дегенмін. Маған ешкім телефондарды бере алмады. Жоқ екі телефон», — деді марқұмның анасы.
Салтанат Жұманованың сөзінше, айыпталушы тарап марқұм болған Айзат Жұмановаға айыпталушы тарап нақақтан-нақақ қара күйе жағып отыр.
«Мұндағы Жанболат Айбардың қызымды «біреуге қоңырау шалды, сол үшін мен сүйттім» деген әңгімелері дәлелденген жоқ. Олар солай Айзатқа қара күйе жағумен өзінің ісін жеңілдету үшін жасалған дүние болды. Кеше мен сотта сұрадым: «Егер сол телефонның ішінде қоңырау шалынған бар адам болса, ол өлген адам емес, тірі адам шығар. Неге осы сот барысында көрсетпедіңіздер? Неге осы қателіктердің бәрі кетіп жатыр?» деген сұрақ қойдым. Бірақ «мына телефондағы мына хабарласқан, мына адам тірі екен ғой» деп маған ешкім дәлелдеп бере алмады. Тергеушіден де сұралған жоқ. Маған ешкім дәлелдеп бере алмады. Бұл жалған болып шықты. Бірақ менің қызыма нақақтан-нақақ күйе жағып отыр».
Айзаттың анасы күйеу баласының айтқан «уәждері» сотта дәлелденбегенін жеткізді. Екі телефонның жұмбақ жағдайы сол күйі ашылмады.
«Бұл жерде Ақсу ауданының аға криминалисі Кәрімжанов деген кісіден кеткен қателік дейді. Сонда ол сондай жерде істеп отырып, сондай қателік жіберіп отырып, соттың алдында ант беріп отырып, осындай қателік жіберуі заңды ма? Кәрімжанов бірінші тергеу барысында сот құжаттарын зерделеу барысында келмеді. Кейіннен біз екі телефонның шыққанын білдік. Іс материалдарында. Біз оны шақырсын дедік. Судья прокурор мырзаға Кәрімжановты шақыртыңыз деп тапсырма берді. Ол тура жарыссөз болатын күні түске дейін келді. Түске дейін келгенде ол өзінің ісіне қатысты нақты жауап бере алмады. «Мен мұны біреу қоңырау шалған соң жасадым. Телефон табылды деп айтқан соң» дейді. Ал ол жерге нөмірлеп 7-қапшыққа не салды? Ол істің ішінде тұр ғой? Қапшықта тұр. Бірақ ол қапшықтың ішіне ол не салды? Қап-қара қапшыққа. Ауруханадан шыққанда Қалиасқар да салады. Ол телефонның да суреті бар. Сонда ол жерде қандай іс жасалған? Ол кәдімгі құзырлы органның адамдары ғой? Бұл жерде адам өлімі тіркеліп тұр ғой», — деп күйінді қайғыдан қан жұтқан ана.
Ол қандай жағдай болса да, адам өлтіруге ешкімнің қатысы жоқ екенін айтты.
«Неге бұл кісілер жауапқа тартылмайды? Мен жауапқа тартуын судьядан сұрағанмын. Бүгін үкім шыққанда ол туралы ештеңе айтылмады. Қалиасқарға қатысты ештеңе айтылмады. Күйе жаққан дегенім — күйеу баланың «Айзат біреуге қоңырау шалды, содан қызғандым» деген сөздері. Ал шын мәнінде сол қоңырау жоқ қой. Қазақстан Республикасының заңының бірінші бабының бірінші бөлігінде айтылған: «Ешкімнің адам өміріне қол сұғуға құқығы жоқ». Аппеляциялық сотқа арыз береміз. Қателік жіберген мамандардың жауапқа тартылуын ары қарай талап етемін», — деді Салтанат Жұманова.
Жәбірленуші тарап жедел жәрдем шақырмаған, қылмысты хабарламаған адамдарды жазалауды талап етеді
Салтанат Жұманова құдағиына қатысты екі баппен: «қылмысты хабарламау», «жедел жәрдем шақырмау» айыбы бойынша іс қозғауын талап етеді.
«Одан кейін Суықсайда шешесінің Айзаттың «қорылдап жатқанын» ести тұра жедел жәрдем шақырмағандығын айту керек. Бұл туралы бап бар. Сосын дер кезінде істі хабарламау туралы да бап бар. Бұл туралы ешқандай іс қозғалмайды. Бұл туралы ешкім сұралмайды. Көршісі Ноғайбековтің қасында телефоны бар, сол кезде көлікте болған шопырдың. Ол да ешкімге қоңырау шалмайды», — деді марқұмның анасы.
Ол Баласаздан ауруханаға дейінгі уақыттың беймәлім қалғанын айтты.
«Сонда 11:30-дан шыққаннан түнгі сағат 02:30-да ауруханаға әкелгенге дейін ол қайда болды? Не істеді? Осындай сұрақтар жауапсыз қалып қойды», — деді Салтанат Жұманова.
Айзат ауруханада отыратын арбада неге тіпесінен тік, серейіп жатты?
Ол аурухана қызметкерлерінің жаттанды секілді көрінген жауабына күдікпен қарайды.
Ескеретін жағдай: отыратын арбада марқұмның тізесі бүгілмеген. Марқұмның анасы Айзаттың ішкі-сыртқы жарақаттарының жалпы саны 49 екенін айтты. Ал бұған дейін жәбірленуші тараптың адвокаты Айзатты «ауруханаға әкелмей тұрып қайтыс болып кетті» деген тұжырым жасағандарын айтқан болатын.
«Айзат 3.05-ке дейін қайтыс болып кеткен. Талдықорғанның облыстық ауруханасына 2.35-те кіргізеді. Олардың қасында бейнематериалды қарасаңыз, бір тазалықшы қызметкер келеді де, аналарға қолын жайып: «Мен не істеймін? Өліп қалды ғой» дегендей ишарат көрсетеді. Ал соттағының бәрін келісілген жауаптар деп ойлаймын. Айзат қатып қалған, серейіп қалған күйінде арбада жатыр. Ешқандай қозғалыс, тіршілік белгісі жоқ. Бұлар өліп қалған адамды тірі деп қабылдап отыр. Дәрігерлер айтудан қорқып отыр. Бұларда бәрі қатып қалған стандарт қой. Тергеу жауаптары стандарт. Жауаптарының бәрі: «Айзат 2:35-те түсті, 3:05-те қайтыс болды». Біреуі болмаса «Маған келіп біреу айтты, менің есімде уақыты жоқ» деуіне болады ғой. Оларға дәрігер келіп: «ей, 3:05-те қайтыс болды» деп есеп бермейтін шығар. Уақытын қарауға мұршалары болмайды ғой», — деді Салтанат Жұманова.
Оның сөзінше, ауруханадағы қызметкерлердің істері жауаптары анық емес. Бүгін судья облыстық аурухананы толықтай зерделеу туралы тапсырма берді.
Сот ғимаратына келіп тұрып, қайта кетіп қалған куәгер
Ол сондай-ақ соттағы тағы бір күдікті сәтті айтты. Айбар Жанболаттың үйінде қызметші болып жалданып істейтін Екатерина есімді куәгер жанжалды өз көзімен көрген. Бірақ неге екені белгісіз өз аяғымен келіп, жауап беретін кезде қайтып кеткені белгілі болған.
«Куәгер Екатерина келді сотқа. Ол Айзат пен Айбардың төбелескенін көрген. Сонда ол тергеуге келеді. Бірақ неге екені белгісіз түстен кейін кетіп қалады. Неге екенін ешкім білмейді. Сонда бұл заңды ма? Дәл сол Айзат пен Айбардың жанжалын көрген. «Тамақты тарсылдатып берді, Айбар қабырғаға шашып жіберді» деген. Айбар оған: «Қабырғаны жу, ұят болады» деп айтқан. Екатерина деген жалдап алған қызметші әйел», — деді марқұмның анасы.
Ол Айбар Жанболаттың көршісі, оқиға болған түні көлікпен тасыған Нұрсұлтан Ноғайбековтің үстінен іс қозғауды сұрайды.
«Ноғайбековтің үстінен іс қозғау міндетті. Кәрімжановтың үстінен іс қозғау міндетті. Дер кезінде хабар бермеген анасының үстінен іс қозғау міндетті. Анасына екі баппен іс қозғауға болады. Бірі — 402-бап және 434-бап бойынша «жедел жәрдем шақырмау», «дер кезінде қылмысты хабарламау. Ноғайбековті. Баласазда Айбарда көлік болмайды. Айзаттың сондай жағдайда жатқанын көріп, көршісіне «жүрші» дейді ғой. Сонда ол жоғары білімді маман бола тұра, қолында телефон бола тұра Айзатты көлігімен Талдықорғанға әкелгенше ешбір жедел жәрдемге қоңырау шалмаған ғой. 120 шақырым арасы. Жарайды, анасы шок алып, есі шығып кеткен шығар. Оның қолында телефон болмаған делік. Айбар да телефон болмады делік. Ал енді Нұрсұлтан Ноғайбеков: «Жедел жәрдем шақыра салайық. Алдымыздан шықсын» деп. 2,5 сағат бойы Ақсуға, ары қарай Талдықорғанға барғанша ешқандай жедел жәрдем шақырылмаған. Ол сол қылмысты жасыру үшін», — деді Салтанат Жұманова.
Ал Айзаттың қызы қазір нағашы апасының қолында. Психологтар жұмыс істеп қол ұшын берген. Салтанат Жұманова құдасы мен құдағиының кешірім сұрап келмегенін де айтты.
«Немерем қазір менің қолымда. Ескелді ауданының қамқоршылық кеңесінің мамандары, одан кейін ауруханасының бас дәрігерлері көмектесті, аудандық білім бөліміне бардым. Баланы есепке тұрғызу керек болды. Сол кісілер қол ұшын созды. Уақытша қамқоршы деп тіркелдім. Ескелді ауруханасынан маған психолог шақырып берді. Баламен психолог жұмыс істеді. Аудандық білім бөліміндегі қамқоршылық кеңестің маманы Шолпан балаға көмегін көрсетіп тұр. Бала бақылауда, жақсы өсіп келе жатыр. Кез келген уақыт та келіп көремін десе, көреді. Бір айтатын нәрсе, маған Айбардың әке-шешесінің немесе Айбардың мойындап әке-шешесі келіп кешірім сұрап, адамға деген кісілігін танытып: «Әй, менің балам қыз баламды адам ретінде қабылдапты ғой. Менің баламды мыналар ойлайды екен ғой» десе, кішкене болса жеңілірек болатын еді. Олар да ондай сөз болмады. Кешірім де сұраған жоқ. Ештеңе де айтқан жоқ. Қайын жұртымның бәрі айтып отыр: «Ең құрымағанда кешірім сұраса, кешірімін беретін едік қой. Ол да адам баласы ғой. Оның да баласы бар ғой. Тас жүрек емес емеспіз ғой» деген әңгімеге келдік өзіміз. Бүкіл туыстарым бәрі айтты. Бірақ не әпкелерінен, не әке-шешесінен ондай сөз естімедік, не Айбар мойындап кешірім сұрамады. Ал мен оған қалай кешірім беремін? Мен неге кешіруім керек? Құда, атасы екі аптада бір келіп тұрды. Оған шектеу қойған жоқпын. Немересі ғой. Мен «балада стресс болмасын» деп қайта кетіп қалдым. Бұрын бала менің қолымда болмады ғой осыған дейін. Сол атасы мен апасы жақта болды. Бірақ Айзатты қалай шығарып әкеттік, мына жақтан қызды әкеліп тастады да кетті олар», — деді Салтанат Жұманова.
Еске сала кетсек, бұған дейін Жетісу облысында сот Айбар Жанболатты жұбайы Айзат Жұманованы қасақана өлтіргені үшін 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Өткен сот отырысын мына материалдан оқи аласыздар.