Қазақстанда Алатау бөктеріндегі, Каспий теңізі маңындағы және «Бурабай» ұлттық паркі аумағындағы жалпы көлемі 800 мың гектар жер мемлекет меншігіне өткізілді. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, қайтарылған аумақтардың ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мен қоғамдық жайылымдар бар. Аталған жерлер бұған дейін олигополиялық құрылымдардың иелігінде болып, ұзақ уақыт бойы мақсатты түрде пайдаланылмаған.
Берік Асыловтың дерегінше, бірқатар өңірде жайылым жетіспеушілігі мәселесі іс жүзінде шешімін тапқан. Прокуратура органдары жайылымдарға ашық қолжетімділікті қамтамасыз етіп, оларды ауыл тұрғындарының ортақ пайдалануына берген.
Сонымен бірге жер қатынастарына байланысты даулы жағдайлар да кездесуде. 2025 жылдың қыркүйегінде Ақмола облысында жер ресурстары жөніндегі департамент соңғы 20 жылда Бурабай және Светлый елді мекендерінде жасалған жер мәмілелерін заңсыз деп тануды талап еткені белгілі болды. Бұл бірнеше мың тұрғын мен кәсіпкердің мүддесіне әсер еткен. Жер иелері учаскелердің заңды түрде рәсімделгенін және оған едәуір қаржы салынғанын айтып, өз құқықтарын сот арқылы қорғауға ниетті екенін білдірген. Ал ведомство бұл жерлер ұлттық парк аумағына кіретіндіктен, оларды беру заң талаптарына қайшы болғанын алға тартады.
Бұдан бөлек, 2025 жылғы қазанда Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы қаласының жоғары бөлігіндегі Іле Алатауы бөктерінде орналасқан 25 жер телімінің берілу заңдылығына қатысты тексеріс жүріп жатқанын хабарлаған. Аталған аумақтарда бұрын тауларды заңсыз кесу және жаппай құрылыс деректері анықталған. Қала құрылысы бақылауы басқармасы мен әділет органдары заңбұзушылықтарға қарсы шаралар қолданып, айыппұл салу, нұсқама беру және заңсыз нысандарды бұзу жұмыстарын жүргізген. Қазіргі таңда 35 істің 20-сы бойынша нысандар толықтай бұзылған.