Қазақстанда бір жылда 17 миллионнан астам адамға айыппұл салынды

Qaz365.kz редакциясы
inbusiness.kz

Қазақстанда 2025 жылдың қорытындысы бойынша әкімшілік айыппұлдар саны бойынша кезекті рекорд тіркелді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Құқықтық статистика деректеріне сәйкес, 2025 жылы елде 17,6 миллион әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 16,6 пайызға көп. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтар саны 17 миллионнан асты, өсім бір жылда 16,5 пайызды құрады.

Жалпы салынған әкімшілік айыппұл көлемі 315,6 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 3,7 пайызға артқан. Ал нақты өндірілген қаражат көлемі 226,4 млрд теңгені құрап, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,9 пайызға көп.

Сонымен қатар айыппұлдардың өндірілу деңгейі де артқан. 2025 жылы бұл көрсеткіш 71,7 пайызға жеткен. Ал 2024 жылы айыппұлдардың өндірілген үлесі 62,6 пайыз болған.

Айыппұл саны мен өндірілген қаражаттың айтарлықтай өсуі қоғамда қолданыстағы әкімшілік жаза жүйесінің тиімділігіне қатысты пікірталас туғызды. Сарапшылар жазалау шараларының алдын алу әсері мен оның әлеуметтік салдарын қайта қарау қажеттігін айтып отыр.