Шымкент қаласында жасөспірім қызды еркінен тыс алып қашты деген күдікпен азамат қамауға алынды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады, деп жазады Qaz365.kz.
Ведомство мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Аталған дерек бойынша «неке қиюға мәжбүрлеу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар оқиғаға қатысы бар өзге тұлғалар да полицияға жеткізілген.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада жәбірленуші қыз өзін еркінен тыс алып кетіп, бейтаныс үйде күштеп ұстағанын мәлімдеген. Оның айтуынша, күдіктінің туыстары шағымданбауға үгіттеп, қолхат жазуға мәжбүрлеген. Қыз өзіне жыныстық сипаттағы зорлық көрсетілгенін де айтқан.
Қазіргі уақытта тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Полиция істің бақылауда екенін және кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстарға «нөлдік төзімділік» қағидаты қолданылатынын атап өтті.