Қарағандыда студент есірткі саудасы үшін 15 жылға сотталды

Qaz365.kz редакциясы
Getty Images/ D-Keine

Қарағанды қаласында колледжде білім алып жүрген жас студент есірткі заттарын заңсыз таратқаны үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Агенттік таратқан ақпаратқа сәйкес, студент Telegram мессенджері арқылы «кураторымен» байланыс орнатып, есірткі таратумен айналысқан. Ол алдын ала берілген координаттар арқылы есірткі заттарын алып, оларды ұсақтап бөліп, қала аумағында жасырын орындарға қалдырған. Тергеу деректеріне сай, ол тәулігіне шамамен 30-ға жуық жасырын «закладка» жасаған.

Сондай-ақ тергеу барысында жас азаматтың Таиландтан Қазақстанға есірткі жеткізуді ұйымдастыруға қатысы бар екені анықталды.

Күдіктіні ұстау кезінде одан 909 грамм каннабис экстракты тәркіленді. Бұдан бөлек, оның тұрғылықты мекенжайынан 80 грамм есірткі заты табылған. Ал жасырылған орындарды тексеру барысында тағы 3,34 грамм есірткі анықталды.

Сот үкімімен студент 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Қазіргі таңда үкім заңды күшіне енген жоқ.