Аппеляциялық сот Мирболат Мырзатайұлының үкімін өзгеріссіз қалдырды

Qaz365.kz редакциясы

«Алауыздықты қоздыру» бойынша айыпталған блогер әрі журналист Мирболат Мырзатайұлы 4 жылға сотталған болатын

Фото: Facebook / Мирболат Мырзатайұлы

27 қаңтар күні Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы желтоқсаншы, журналист Мирболат Мырзатайұлының апелляциялық арызын қанағаттандырмады, деп хабарлайды Qaz365.kz. 

Мирболат Мырзатайұлы былтыр ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі «әлеуметтік және ұлттық алауыздықты қоздыру» бойынша төрт жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Аппеляциялық сотта судья Мирболат Мырзатайұлына қатысты шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сот отырысына келген азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бөлек залға орналастырылып, процесс онлайн трансляция арқылы көрсетілді. Алайда дыбыс нашар естіліп, байланыс жиі үзіліп отырды. Прокурор соттағы сөзінде Мирболат Мырзатайұлының тіл мәселесіне қатысты арандататын сұрақтар қойғанын, сондай-ақ қазақ тілін білмегені үшін бір мекеме басшысын қызметтен кетуді талап еткенін алға тартты.

Сот залында және ғимарат алдында Мырзатайұлын қолдауға жиналған белсенділер «Мирболатқа бостандық!», «Қазақ тіліне бостандық!» деген ұрандар айтты. Олар блогердің тек «Тіл туралы» заңның орындалуын талап еткенін мәлімдеді.

54 жастағы Мирболат Мырзатайұлы бұрын «Қазақстан» және КТК телеарналарында тілші болып жұмыс істеген. Кейін журналистикадан кетіп, YouTube желісінде блог жүргізе бастаған. Ол қоғамдық-саяси тақырыптарда жазбалар жариялап, әлеуметтік желілерде тікелей эфирлерге шығып, атом электр станциясының құрылысына қарсы пікір білдірген. Сондай-ақ сотталған марафоншы Марат Жыланбаев пен журналист Думан Мұхамедкәрімге қатысты әлеуметтік желілерде жазбалар жариялаған. Думан Мұхамедкәрімнің сотына қатысып, оған қолдау білдірген. 

Өткен жылдың қарашасында сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша кінәлі деп танып, төрт жылға соттады. Айыптау нұсқасына сәйкес, блогердің ісі тіл мәселесіне байланысты туындаған жанжалдан кейін қозғалған. Адвокат Жанар Балғабаева бұл істі саяси қудалау деп бағалады.

Еске сала кетсек, Маңғыстауда 13 жастағы қызды зорлады деп айыпталған ер адам өзіне қол салды.