Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонында 19 жастағы сарбаздың бетіне оқ атқан
27 қаңтар күні сағат 15:00-де Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонында қаза тапқан мерзімді әскери қызметші Марат Барқұловтың өліміне байланысты істі қарады. Марқұмның өліміне қатысы бар деп танылған лейтенант Дамир Досовтың шағымы бойынша кассациялық сот өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Марат Барқұлов Шығыс Қазақстан облысы Самар ауылында дүниеге келген. 19 жасында әскерге аттанған ол бір үйдің жалғыз ұлы болған. Отбасының айтуынша, 20 жасқа толғанда барша достарын жинап, той жасағысы келген. Ол волейболды өте жақсы ойнаған. Жақындары оның үнемі күлімдеп жүргенін және өте білімді, жақсы адам болғанын айтады. Марат Барқұлов 2024 жылдың қыркүйегінде әскери борышын өтеп жүрген кезінде оққа ұшып, сол жерде көз жұмды. Оның тура бетіне оқ атқан. Бұл оқиғаға байланысты әкесінің ашынып сөйлеген бейнежазбасы қоғамда үлкен резонанс туғызған еді. Ол сол кезде жалғыз ұлын әскерге жібергенін айтып қатты күйініп сөйледі. Марқұмды отбасы өзінің туған ауылы Самарға жерледі.
Марат Барқұловтың өліміне қатысты іс бірнеше сот сатысынан өтті. 2025 жылғы 24 қаңтарда Астанадағы әскери қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сот Дамир Досовты кінәлі деп таныды. Сот оны қасақана адам өлтірді деген бап бойынша жауапқа тартып, 13 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар Досов әскери атағынан айырылды, ал марқұмның анасына 20 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеу міндеттелді.
Алайда бұл үкіммен Досовтың өзі де, оның қорғаушылары да келіспеді. 2025 жылдың ақпан айында олар апелляциялық шағым түсіріп, істі «қарумен аңдаусызда абайламай жұмыс істеу салдарынан болған өлім» деп қайта саралауды сұрады. Қорғау тарапы оқиғаны қасақана емес, кездейсоқ жағдай ретінде көрсетуге тырысты. Дегенмен апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сот Досовтың әскери қызметкер әрі командир ретінде қарудың қауіпті екенін толық түсінуге міндетті болғанын атап өтті.
Бүгін 27 қаңтарда кассациялық сот та үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Айта кетейік, бұған дейінгі сот барысында куәгер ретінде жауап берген сарбаздар оқиғаның қалай болғанын егжей-тегжейіне дейін айтып берген еді. Олардың айтуынша, сол сәтте сарбаздар шатыр ішінде отырған. Осы кезде Дамир Досов қарумен шатырға кірген. Куәгердің сөзіне қарағанда, тапанша Досовтың беліндегі қабында тұрған. Ол сарбаздарға балағат сөздер айтып, қаруды суырып алып, жігіттерге кезенген. Алғашқыда оқ атылмаған, тек шүріппе басылғанда «шырт» еткен дыбыс шыққан. Осыдан кейін Досов қаруды қайта кезеніп, тапаншаны тағы көтеріп, Марат Барқұловтың бетіне дәлдеп оқ атқан. Марат ешқандай әрекет жасап үлгермеген, бірден құлап түскен. Досовтың қорғаушылары бұл жағдайды «қарумен аңдаусызда абайламай жұмыс істеу салдарынан болған оқыс оқиға» ретінде көрсетуге тырысты.
«Әскери жүйеде әділет орнауы үшін қоғамдық бақылау қажет»
Qaz365.kz тілшісі жәбірленуші тараптың адвокаты Сағал Азамат Әлібиұлына хабарласып, шешім жайлы пікірін сұрады.
«Мен бірінші сот станциясының және бүгінгі кассациялық соттың шешімі заңды әрі толық негізі бар деп санаймын. Қылмыскер өз жазасын алды», — деп жауап берді Сағал Азамат Әлібиұлы.
Құқық қорғаушы, Немолчиkz қорының жетекшісі Дина Таңсәрі тілшімізге кассациялық шешімді дұрыс деп санайтынын айтты.
«Біз сотқа ризамыз, кассация үкімді күшінде қалдырды. Бұл әділетті шешім. Бірақ жазаның өзіне келсек, біз командирлердің барлығы жауапқа тартылуы керек деп есептейміз және бұл жазаның қатаң болғаны абзал. Себебі әскерде осындай жантүршігерлік жағдайлар болып жатқанда, әлі күнге дейін «кімге, қалай жаза қолданатыны» белгісіз. Мысал ретінде осы Досовтың оқиғасын алуға болады. Ол әскери уставты және жалпы заңды өрескел бұзды. Ал оны тікелей басқаратын командирлері жауапқа тартылды ма? Тартылса қандай жаза берілді? Қызметтен босатылды ма, әлде тәртіптік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылды ма? Міне, осы сұрақтар қойылуы керек сонда ғана болашақта осындай жағдайлар қайталанбайды», — деді Дина Таңсәрі.
Оның сөзінше бейбіт замандағы мұндай жағдайлардың қайталана беруі әдеттегі жағдай секілді қабылдануы мүмкін. Оның сөзінше, қазіргі уақытта сол жағдай қалай шешіліп жатқанын қоғам біле бермейді. Ол осындай жағдайды бақылайтын нағыз аналар комитеті секілді ұйымдар құрылуы қажет екенін айтты.
«Бейбіт замандағы сарбаздардың өлімі Досов сияқты «салғырттық, абайсыздық», «заң бұзушылық» немесе «зорлық-зомбылық» сияқты қылмысқа байланысты болмауы керек. Командирлер өз билігін асыра пайдаланбауы тиіс, сарбаздар бір-бірінің қолынан қаза таппауы керек. Сондықтан әскерде реформалар қажет. Кім устав пен адам құқықтарының сақталуын бақылайды? Сарбаздардың құқықтарын кім қорғайды? Осындай комитеттер болуы керек. Мысалы, аналар комитеті сияқты, бірақ олар тек ресми қағаз жүзінде ғана болмауы тиіс. Қазір көптеген қоғамдық кеңестерде билікті жақтайтын, өз мүддесін көздейтін адамдар отырады. Нағыз комитеттер сын сағатта адамдарға шынайы көмек көрсете білетіндерден тұруы керек», — деді құқық қорғаушы.
Сарбаздардың өліміне қатысты оқиғалар қоғамды дүрліктіріп тастады. Дина Таңсәрі көптеген аналардың ұлдарын әскерге жіберуге қорқатынын да айта кетті. Оның сөзінше, әскер қорқатын жер емес, заң мен тәртіп орнаған, бір нәрсе үйреніп қайтатын үлкен орын болуы керек.
«Көптеген аналар өз ұлдарын әскерге жібергенде олардың қауіпсіздікте екеніне сенбейді, қорқады. Бізде әскерге деген сенім артуы керек. Бала көп нәрсені үйреніп, әскер оған пайда әкелетін орын болуы тиіс. Бұрын адамдар әскерге барғанын, борышын өтегенін мақтанышпен айтатын. Ал қазір қоғамда әскери қызметке жағымсыз көзқарас қалыптасқан», — деді Дина Таңсәрі.
Ол осындай жағдайларды қоғам болып бақылап отырудың аса маңызды екенін айтты. Сонымен бірге адвокат Сағат Азаматтың күдіктінің істі қылмыстық оймен жасағанын дәлелдегенін де атап өтті.
«Қоғамдық бақылау өте маңызды. Көріп отырғанымыздай, кез келген іс қоғамдық резонанссыз сотта әділ қаралмайды. Біз әділетке көбіне осы резонанс арқылы ғана қол жеткіземіз. Біздің ісімізде, Марат Барқұлов ісінде, резонанс бізге үлкен көмек болды. Алдымен біз мықты адвокатқа қол жеткіздік. Себебі әскерде адам қаза тапса, оған немесе ата-анасына адвокат қарастырылмаған. Сарбаздардың ата-анасы көбіне заң жағынан қолдаусыз қалады. Қоғамдық резонанс болмаса, біз сотта кәсіби түрде күресе алмас едік. Адвокатымыз, Сағал Азамат іс барысында қылмыс адамның өзіне немесе өзгелерге зиян келтіру мақсатында жасалғанын дәлелдеді. Егер резонанс болмаса, сотта мұндай нәтижеге жету мүмкін болмас еді. Қазіргі кезде адвокатсыз қолымыз қысқа. Сондықтан қоғамдық резонанс болуы міндетті», — деді Дина Таңсәрі.
Оның сөзінше, заң жағынан көмек беретін ұйымдар болуы қажет.
«Адвокаттар күшті мамандардан тұратын коалиция құрып, кезекпен мұндай істі қарауға дайын болуы керек. Әскерде қызмет ететін әскери қызметшілерге қатысты осындай көптеген істер бар, ата-аналар заң жағынан қолдаусыз қалып жатады, ал заң жағынан көмек беру көп нәрсені шешеді», — деді Дина Таңсәрі.
Еске сала кетсек, 2026 жылы 6 қаңтарда Шымкент қаласында Ұлттық ұлан сарбазы қайтыс болды. Алдын ала себеп ретінде оның жүрегі тоқтағаны айтылды. Ал 23 қаңтар күні Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауыл қызметін атқару кезінде мерзімді әскери қызметші өзіне бекітілген қарудан өзіне оқ атып, алған жарақатынан көз жұмды.
2025 жылдың ішінде әскери қызметтегі, болмаса борышын өтеп қаза болғандардың нақты санын мемлекет толық жарияламады. Бірақ нақты бірнеше жеке оқиға медиада айтылды. Кем дегенде 5-6 әскеридің өлімі БАҚ беттерінде жарияланып, үлкен резонанс тудырды. Айта кету керек, бұған дейін қаза тапқан сарбаздардың аналары 27 тамызда бір рет, 10 қарашада бір рет Президент әкімшілігінің қабылдау бөлімінде орналасқан үкімет үйінің алдына жиналған болатын. «Әскерге реформа жүргізу қажет» деген аналармен Бас прокурор Берік Асылов кездесіп, олардың әрбір уәжі назардас тыс қалмайтынын айтқан болатын. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев 13 қаңтарда Қорғаныс министрі Дәурен Қосановпен жолығып, оған әскердегі тәртіпті күшейтуді тапсырды.