Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы – Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімованы, комиссия төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді, сондай-ақ комиссия мүшесі – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Кездесу барысында Президентке Конституциялық комиссияның осы уақытқа дейін өткен отырыстарының нәтижелері жөнінде ақпарат берілді. Эльвира Әзімованың айтуынша, комиссия жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында барлық отырыстар медиа кеңістікте, соның ішінде арнайы Telegram-арналар арқылы тікелей эфирде көрсетіліп келеді.
Комиссия төрағасы соңғы алты ай ішінде Конституциялық реформалар бойынша кең ауқымды қоғамдық талқылау өткенін атап өтті. Электронды платформа арқылы азаматтардан, құқықтанушы ғалымдардан, сарапшылардан, заңгерлерден, саяси партиялардан, үкіметтік емес ұйымдардан, кәсіптік және бизнес қауымдастықтардан 2 мыңнан астам ұсыныс пен бастама түскен.
Бұған дейін өткен отырыстарда комиссия мүшелері Конституция преамбуласының түбегейлі жаңа редакциясын, сондай-ақ бірқатар баптар мен бөлімдерге қатысты өзгерістерді әзірлеп, талқылаған.
Мемлекет басшысы алдағы Конституциялық реформалар ел дамуына жаңа серпін беретінін атап өтіп, Конституциялық комиссияның бұл үдерісте айрықша маңызды рөл атқаратынын айтты.