Нұрай Серікбай ісі: ағасы видеода психологиялық қысым болғанын айтты, адвокат шағым түсірді

Qaz365.kz редакциясы
Коллаж ЖИ көмегімен жасалған

Әлеуметтік желілерде Нұрай Серікбайға қатысты видео тарағаннан кейін марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай жағдайға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, отбасы бұл видеолардың бар екенін бұрыннан білген. Алайда нақты бейнематериалды алғаш рет көріп отыр.

«Бұл видеоның бар екенін біз бұған дейін де айтқанбыз. Бірақ видеоны өзіміз бірінші рет көріп тұрмыз. Шыны керек, жүрегіміз қатты қысылды», – деді ол.

Сұлтан Серікбайдың сөзінше, видеода Нұрайға психологиялық және моральдық тұрғыда қысым көрсетілгені анық байқалады. Ол қарындасының бірнеше күн ұйқысы қанбағанын, дұрыс тамақтанбағанын айтып өтті.

«Ол жерде Нұрайға максималды түрде қысым көрсетілген. Сау адам видеоны көрсе, өз қалауымен айтпағанын аңғара алады», – деді марқұмның ағасы.

Сонымен қатар ол екінші видеода Нұрайдың орамал тағуға қарсы болғаны, барынша қарсылық танытқаны көрінетінін айтты. Алайда айналасында шамамен елуге жуық адам болғандықтан, ол толық қарсыласа алмаған.

«Нұрай өте жуас, үлкендерді қатты сыйлайтын адам. Сол себепті ол жерде жалғыз қалып, қарсыласа алмады», – дейді Сұлтан Серікбай.

Марқұмның отбасының адвокаты Сержан Нұрпейісов видеолардың жариялануына байланысты тиісті органдарға ресми шағым түсірілгенін хабарлады. Оның айтуынша, тергеу барысында ұсынылатын айғақтар іс ресми түрде аяқталғанға дейін жарияланбауы тиіс.

«Біздің пікірімізше, бұл тергеу құпиясын бұзу болып саналады. Шағым түсірілді, енді оған тергеу өз бағасын береді», – деді адвокат.

Еске салайық, Нұрай Серікбай 11 қаңтар күні Шымкентте көп рет пышақ жарақатын алып, көз жұмды. Ол күдіктімен бұрыннан таныс болған. Марқұмның ата-анасы полицияға арыз бергенімен, қылмыстық іс дер кезінде қозғалмаған. Қазіргі таңда іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.