Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі биылғы жылдың басынан бері тіркелген бірнеше әскери қызметшінің қазасына байланысты мәлімдеме жасады. Ведомствоның атап өтуінше, Қарулы күштер басшылығы болған оқиғалардың ауырлығын және әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты жауапкершіліктің жоғары деңгейін толық сезінеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Осыған орай Қорғаныс министрі Даурен Қосановтың тапсырмасымен мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін жедел шаралар топтамасы қабылданды.
Министрліктің хабарлауынша, әскери бөлімдерде тәрбие жұмысының жүргізілуі мен әскери тәртіптің сақталуына бақылау күшейтілді. Қару қолдану, оқу-жаттығулар өткізу, атыс дайындығы мен қызметтік тапсырмаларды орындау кезінде қауіпсіздік талаптары мен жарғылық нормаларды сақтау қатаң бақылауға алынды.
Сонымен қатар барлық әскери бөлімдерге жеке құрамның психологиялық ахуалын жан-жақты зерделеу үшін арнайы комиссиялар жіберілді. Әскери қызметшілердің психикалық жағдайына, сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындауға дайындық деңгейіне қайта бағалау жүргізілуде.
Министрлік мәліметінше, әскери полицияның қатысуымен әскери бөлімдерде кешенді тексерулер ұйымдастырылған. Жеке құрамға, оның ішінде қызметтен тыс уақытта да бақылау күшейтілген.
Бұдан бөлек, командирлер мен сержанттық құрамның жеке жауапкершілігі арттырылды. Негізгі назар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға аударылып отыр. Сондай-ақ тәулік бойғы бақылау енгізіліп, әскери қызметшілердің туыстарымен тұрақты бейнебайланыс орнатылған. Бөлімше командирлері ата-аналармен ресми байланыс арналары арқылы тұрақты түрде ақпарат алмасады.
Қорғаныс министрлігінде әрбір оқиға бойынша нақты кадрлық және тәртіптік шешімдер қабылданғанын атап өтті. Атап айтқанда, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, штаб бастығы және тәрбие әрі идеологиялық жұмысқа жауапты орынбасары тәртіптік жазаға тартылған. Сонымен қатар қаза тіркелген әскери бөлімнің командирі, оның орынбасары мен батальон командирі қызметтерінен босатылған.
Еске сала кетейік, 13 қаңтарда Алматы облысындағы полигонда өткен оқу атысы кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы салдарынан 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшісі автоматтан жарақат алып, Қонаев қаласының ауруханасына жеткізілген еді.
Ал 23 қаңтарда Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауыл қызметін атқару барысында мерзімді әскери қызметші өзіне оқ атып, алған жарақатынан қайтыс болды.
27 қаңтарда Жамбыл облысында да қарумен жұмыс істеу кезінде мерзімді әскери қызметшінің қаза тапқаны хабарланған.