Түркістан қаласында 18 жастағы қыздың шағымы негізінде жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Әлеуметтік желілерде үш полиция қызметкері қызды зорлады деген ақпарат тарағаннан кейін, жағдайға Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі ресми пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
ІІМ-нің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің мәліметінше, арыз Түркістан қаласының 18 жастағы тұрғынынан түскен. Қазіргі уақытта бұрын ішкі істер органдарында қызмет атқарған азаматтардың бұл оқиғаға ықтимал қатысы жан-жақты тексеріліп жатыр.
«Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілердің әрекеттеріне принципті құқықтық баға беріледі», – деді министрліктің ресми өкілі.
Ведомство ақпаратынша, аталған азаматтар қызметтік әдеп пен беделге нұқсан келтіргені үшін ішкі істер органдарынан босатылған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасуда.