Шымкентте жасөспірім кәмелетке толмаған қызға шабуыл жасады: қылмыстық іс қозғалды

Qaz365.kz редакциясы
Envato

Шымкент қаласында кәмелетке толмаған қызға қатысты заңсыз әрекет жасауға талпыну дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оқиға 1 ақпан күні болған. Полицияға жасөспірімнің кәмелетке толмаған қызды ұстап алып, оған қатысты заңсыз әрекет жасауға әрекеттенгені жөнінде арыз түскен.

Хабар түскен бойда полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, күдіктіні ізін суытпай анықтап, ұстаған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сондай-ақ күдіктінің ата-анасы да полиция бөлімшесіне жеткізілген.

«Кәмелетке толмағанға қатысты заңсыз әрекет жасауға талпыну фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады полиция.

Зардап шеккен қызбен психологтың қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Полиция өкілдері баланың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесіне сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады.