Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасы, кәсіпкер Альмира Нұрлыбекова мен ірі құрылыс компаниялары арасындағы 1,4 млрд теңгеден асатын қаржылық дау ресми түрде тоқтатылды. "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) соты тараптардың өзара бітімге келуіне байланысты істі жапты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі baq.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл іс 2025 жылы басталған болатын. Альмира Нұрлыбекова "Millenium Project Group" және "Sensata Construction" компанияларынан 1,4 млрд теңге көлеміндегі қарызды өндіріп алу үшін Халықаралық арбитраж орталығына жүгінген.
2025 жылғы 15 тамызда арбитраж шешімімен Нұрлыбекованың талабы қанағаттандырылды.
2025 жылғы 3 қазанда АХҚО сотының судьясы Лорд Фолкс құрылыс салушылардан 1,2 млрд теңге негізгі сыйақыны, 174,6 млн теңге өсімпұлды және 1,9 млн теңге арбитраж шығынын мәжбүрлі түрде өндіру туралы бұйрық шығарды.
Алайда құрылыс компаниялары бұл шешіммен келіспей, қарсы шағым түсірген.
2026 жылғы 22 қаңтарда АХҚО сотының судьясы сэр Стивен Ричардс істі тоқтату туралы соңғы бұйрыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, Альмира Нұрлыбекова мен құрылыс компаниялары ("Millenium Project Group" ЖШС және "Sensata Construction" ЖШС) ортақ келісімге келіп, сот процестерін тоқтату туралы бірлескен өтініш берген. Тараптардың қандай шарттармен келіскені және соңғы төлем сомасы құпия сақталып отыр.
Альмира Нұрлыбекова — кәсіпкер, экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасы. Ол бірнеше ірі компаниялардың, соның ішінде "Sapa Logistics" және "Success ABN" фирмаларының иесі немесе тең құрылтайшысы.
Сондай-ақ ол Салтанат Нүкенованың қазасы орын алған "Гастроцентр" ғимаратына иелік ететін "Ezy Park" ЖШС-нде үлесі бар тұлға ретінде танымал.