өмірінің 13 жылын құқық қорғау саласына арнаған
Майор Бақдәулет Қалаубаевтың айтуынша, 2022 жылы Ақтастағы полигонда граната лақтырамын деп ұшқыны көзіне тиген. Содан бері бір көзі мүлде көрмейді, екіншісі жанарының көруі де күн санап кеміп барады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Төрт жыл бойы аурухана мен прокуратура арасында сандалып жүрген экс-полицей денсаулығынан айырылған қызметкерін елеусіз қалдырған Шымкент қаласының полиция департаментіне өкпелі. Қазір үшінші топ мүгедегі санатындағы Бақдәулет Қалаубаев өмірінің 13 жылын құқық қорғау саласына арнаған.
«Қарапайым киіммен форманың екінші подменкасы деп аталады ғой. Соны киіп барғанбыз. Тек қана сонымен лақтырдық. Көзілдірік, каска, бронжилет сияқты ешқандай қорғаныс құралдары болмағандықтан, осындай жарақат алып отырмын», – дейді экс-полицей.
Қызмет бабында жарақат алған Қалаубаевты Шымкент қаласының полиция департаменті оны құзырлы органда еңбек етуге жарамсыз деп танып, жұмыстан шығарып жіберген.
Қазіргі таңда мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақымен күн көріп, ипотекаға алған үйінің несиесін жабуға мәжбүр.
«Жұмысқа жарайтын кезіңде тревогасы бар, басқасы бар, кез келген уақытта шақырады. Уақытпен санаспай, жетіп барасың. Ал бір көзім мүлде көрмей қалған соң, далада қалдым қой. Ешқандай көмек көрсетілмеді маған. Мені ішкі істер қатарынан шығарғаннан кейін азғантай мөлшерде ақша түсіріпті. Ол менің дәрілерімді алуға да жетпейді», – деп налиды бұрынғы тәртіп сақшысы.
Осы мәселеге байланысты пікір білдірген полиция департаментінің баспасөз қызметі ешқандай заңбұзушылық болмағанын алға тартты.
«2023 жылы осы факті бойынша Шымкент қаласы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тексеріс жүргізді. Оның қорытындысы бойынша қылмыстық құқықбұзушылық белгілері анықталған жоқ. Сонымен қатар, жәбірленушінің уәждерін ескере отырып, қазіргі уақытта қайта тексеріс басталды. Оның аясында бұрын қабылданған шешімнің негізділігіне жан-жақты әрі объективті баға беріледі», – деді Шымкент қаласы полиция департаментінде.
Қазіргі таңда әділдік іздеген бұрынғы жол-патрульдік полициясы арызданып, сотқа да жүгінуге кіріскен. Басты мақсаты мүгедек атанғанына айыпты адамдарды анықтап, жазаға тартылса дейді.