«Адам тағдырын аяқасты етесің»: депутат заңның қатаңдығы мас болып көлікке отыратындарды азайтпағанын айтты

Qaz365.kz редакциясы

Мас күйінде көлік жүргізетіндерге заң бойынша ауыр жауапкершілік артылғанмен, Қазақстанда бұл мәселе күн тәртібінен түсе қойған жоқ

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жазалау әдісін ғана қолдану мас болып көлік жүргізетіндерді тоқтату үшін жеткіліксіз екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Депутаттың сөзінше, парламент осыған дейін де заңды қатаңдатып, қайталанған жағдайда қызметтік жауапкершілікке тартуды да қарастырған. Дегенмен статистика бізге оң нәтиже көрсетпеді. 

«Біз бұған дейін де заңды қатаңдатқанбыз. Егер мас күйінде жүргізгені қайталанса, онда ол жауапкершілік арқалайды. Бірақ біз қаталдатқан сайын, мас күйінде көлікке жүргізетіндердің саны толастамай тұр. Бұны статистикадан көруге болады», – деді депутат. 

Қазір мұндай заң бұзушылық үшін 7 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу қарастырылған. Дегенмен, Базарбек мырза айтқандай, парламентке азаматтар заңның тым қатаң екенін айтып, мыңдаған хат түсіп жатыр екен.

«Адамдар бізге «сендер заңды тым қатал қылып жібердіңдер, бұл – біздің көлігіміз, отбасымызды асырай алмай қалдық, жұмыс істей алмай жатырмыз» дейді. Кейбіреуі «Мен ішімдік ішпедім, қымыз ұрттадым» деп жазады. Бірақ қымыз да алкоголь ішкеніңді көрсетеді», – деді ол.

Мәжіліс депутаты жазаны қатаңдату мәселені шешпейді деп санайды. Оның ойынша, ІІМ, әкімдік пен үкімет қоғаммен жүйелі жұмыс істеуі керек.

«Идеология қалыптастыру керек. Мас күйінде көлік жүргізетін адам өзінің және өзгенің отбасының тағдырын аяқасты етуі мүмкін. Түсіндірме жұмыстарын жүргізбесек, бұл жағдайды түзей алмаймыз», – деді Базарбек.

Еске сала кетсек, депутат Ринат Зайыт мемлекет қайраткері, оппозиция лидері Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты қылмыстық істі қайта тергеу нәтиже бермейтінін айтты.