«1 келі үшін де, 5 келі үшін де бір баға»: FlyArystan әуе компаниясына қатысты тергеу басталды

Qaz365.kz редакциясы
t.me/flyarystan_inform

Алматыда монополияға қарсы ведомство FlyArystan әуе компаниясына қатысты тергеу бастады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы департаментінің басшысы Нұржан Нұрланұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Авиатасымалдаушының қол жүгінің артық салмағы үшін ақы алу тәртібі бәсекелестік заңнамасын бұзуы мүмкін деген күдікке ілінді. Қазіргі уақытта компания қол жүгі белгіленген нормадан асып кетсе, оның қанша келі екеніне қарамастан бекітілген бірыңғай тарифпен ақы алады.

Нұржан Нұрланұлының айтуынша, бұл әдіс жолаушылар үшін әділетсіз:

«Қол жүгі 1 келіге асқан жолаушы да, 5 келіге асқан жолаушы да бірдей сома төлеуге мәжбүр. Әлемдік тәжірибеде авиатасымалдаушылар көбіне дифференциалды төлемді қолданады, яғни жолаушы тек нақты артық шыққан салмақ үшін ғана төлейді», — деп атап өтті ол.

Монополияға қарсы орган бұған дейін FlyArystan-ға бұзушылық белгілерін жою туралы хабарлама жіберген. Алайда компания бұл талапты орындамаған. Соның салдарынан ресми тергеу амалдары қолға алынды. Тергеу қорытындысы бойынша әуе компаниясының әрекеті заңды немесе заңсыз екені туралы түпкілікті шешім қабылданады.

Бұған дейін FlyArystan биылғы 1 наурыздан бастап тегін қол жүгінің нормасын 5 келіден 7 келіге дейін арттыратынын хабарлаған болатын. Дегенмен сөмкенің габариттері (өлшемдері) өзгеріссіз қалады.