Жақсылық Омар ұсталды ма: ҰҚК ресми мәлімдеме жасады

Qaz365.kz редакциясы
gov.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты тараған ақпаратқа түсініктеме берді. Ресми орган шенеунікке қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

ҰҚК баспасөз қызметінің 18 ақпандағы мәліметінше, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

«Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын хабарлаймыз», — делінген ресми жауапта.

Комитет Жақсылық Омардың нақты қай бап бойынша күдікке ілінгенін және оған қатысты бұлтартпау шарасының қолданылған-қолданылмағанын нақтыламады.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде ШҚО әкімінің бірінші орынбасарының ұсталғаны туралы ақпарат желдей ескен болатын. Алайда облыс әкімдігі бұл мәселе бойынша ресми мәлімет жоқ екенін айтып, Жақсылық Омардың денсаулық жағдайына байланысты еңбек демалысында жүргенін хабарлаған еді.

Жақсылық Омар 2025 жылдың сәуір айында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалған.

Оған дейін 6 жыл бойы Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарған.