Түркістан облысында ауданаралық сот өз бүйрегін сатуды жоспарлаған ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады. Ол өз ағзасын 13 миллион теңгеге бағалаған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, сотталушы 2025 жылдың ақпанында Telegram мессенджерінде бүйрегін сататыны туралы хабарландыру жариялаған. Кейін ол жедел іс-шаралар аясында жұмыс істеген, жасырын есімді «сатып алушымен» кездесіп, келісімшарт жасасқан.
Ер адам ақшаның бір бөлігін, яғни 5 миллион теңгені қолма-қол алып жатқан сәтте ұсталды. Сот отырысында ол мұндай қадамға не себепті барғанын ашық айтты.
«Бұл әрекетке сотталушыны ауыр материалдық жағдайы мен ақшаға мұқтаждығы итермелеген, сол себепті ол өз ағзасын сатуды ниет еткен», — делінген сот хабарламасында.
Сот шешімі және заң аясы
Ер адамға ҚР Қылмыстық кодексінің 116 және 24-баптары (Трансплантациялау немесе өзге де пайдалану үшін адамның ағзаларына қатысты заңсыз мәмілелер жасауға оқталу) бойынша айып тағылды. Сотталушы өз кінәсін толық мойындады.
Істің нәтижесі бойынша сот мынадай шешім шығарды:
Қылмыс ауырлығы орташа дәрежедегі істер санатына жатады;
Ешқандай нақты зардап келтірілмеген;
Рақымшылық жасау (амнистия) туралы заңға сәйкес, ер адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, іс өндірісі тоқтатылды.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.