Түркістан облысы Бәйдібек аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты сот үкімі шықты. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, мемлекетке келтірілген шығын көлемі 583 миллион теңгеден асқан, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тергеу барысында білім бөлімінің басшылары, бухгалтерлері мен экономистерінен құралған 18 адамнан тұратын топтың 49 мектепке тиесілі қаражатты жүйелі түрде жымқырып келгені анықталды. Олар заңсыз әрекеттерін жасыру үшін жалған құжаттар жасаумен айналысқан.
Жымқыру схемасы қалай жұмыс істеді?
Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық топтың айла-тәсілдерін сипаттап берді.
"Күдіктілер төлем ведомостары мен есеп айырысу парақтарына мектепте іс жүзінде жұмыс істемейтін адамдарды қосқан. Кейде жалақы мен үстемақы сомаларын әдейі асырып көрсеткен. Схеманы жасыру үшін олар жалған қызметтік жазбалар, бұйрықтар мен табельдерді артқы күнмен толтырып немесе төлем жасалғаннан кейін түзетіп отырған", – делінген хабарламада.
Ұрланған ақша туыстары мен таныстарының шоттарына аударылып, кейін қатысушылар арасында алдын ала келісілген үлес бойынша бөлініп отырған. Тергеу кезінде күдіктілер 583 миллион теңгеден астам шығынды мемлекетке толық қайтарды.
Сот үкімі:
14 адамға 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
4 адамға қатысты қылмыстық іс рақымшылық (амнистия) заңына сәйкес тоқтатылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.