24 миллиардтың тендері: ШҚО-да депутат пара берді деген күдікпен ұсталды

Qaz365.kz редакциясы
Дмитрий Сомовтың Instagram парақшасынан

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Дмитрий Сомовтың ұсталғанын Politico.kz-ке ресми түрде растады. Оған «пара беру» бабы бойынша айып тағылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

ҰҚК мәліметінше, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етілмейді. Алайда бұл істің астарында миллиардтаған теңгенің мемлекеттік сатып алу келісімшарттары мен сапасыз жол жөндеу жұмыстары тұруы мүмкін.

Миллиардтар, тендерлер және «жалған» бәсеке

Дмитрий Сомов тек саясаткер емес, өңірдегі ірі «Востоквзрывпром» компаниясының иесі. Бұл кәсіпорынның жұмысы төңірегінде бірнеше күмәнді жайттар бар. Тек 2024 жылдың өзінде компания республикалық жолдарды жөндеу үшін 24,3 миллиард теңгеден астам сомаға келісімшарт жасасқан.

Қазіргі уақытта «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Сомовтың кәсіпорнын келісімшартты орындамағаны үшін сотқа беріп жатыр.

Жемқорлықты зерттеу бюросының мәліметінше, Сомов пен оның серіктестері тендерлерде бір-біріне жалған қарсылас болып, бәсекелестікті шектеген.

Жергілікті кәсіпкерлердің айтуынша, Сомовтың компанияларында тиісті техника мен маман жоқ болса да, олар жосықсыз қатысушылар тізімінде бола тұра, ірі мемлекеттік тапсырыстарды алуды тоқтатпаған.

Сомовтың ұсталуы аймақтағы жалғыз резонансты оқиға емес. Бұған дейін ҰҚК облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омардың да қамауға алынғанын хабарлаған еді.