Қоғамды дүрліктірген жан шошырлық іске қатысты сот үкім шығарды
Түркістан облысында 16 жастағы қызды зорлап, жүкті еткен 71 жастағы қарияның оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірген болатын. Бүгін облыстық мамандандырылған ауданаралық сотта кәмелетке толмаған қылмыстық іс қаралып, үкім жарияланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сот материалдарына зер салсақ, айыпталушы Келес ауданы Еңбекші ауылының 71 жастағы тұрғыны. Ол туысының 16 жастағы қызын зорлағаны үшін жауапқа тартылды. Келес ауданындағы бұл оқиға кәмелетке толмаған қыз босанғаннан кейін белгілі болған. Оқиғадан соң ауыл тұрғындары наразылық білдіріп, күдіктіге қатысты заң аясында шара қолдануды талап етті. Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, күдікті қамауға алынды. Тергеу барысында оған кәмелетке толмаған қызға жыныстық сипаттағы қылмыс және тұрғын үйге заңсыз кіру деректері бойынша айып тағылды.
Сот отырысында айыпталушы кінәсін мойындамаған. Алайда сот-медициналық және генетикалық сараптама қорытындысы жәбірленушіден туған баланың әкесі айыпталушы екенін 99,9 пайызбен растаған. Сот үкімімен ол 15 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
«Аталған баптар бойынша жаза мерзімі 15 жылдан 17 жылға дейін берілуі керек еді. Сот сотталушының денсаулығы мен ересек жасын ескеріп, 15 жыл 6 ай жаза мерзімін тағайындады», – деді судья Дәурен Мадалиев.
Айта кетейік, қылмыс 2024 жылы жасалғанымен, оқиға 2025 жылдың қазан айында ғана әшкереленген. Жәбірленушінің әкесі мен сотталушының әкесі – ағайынды туыстар. Сонымен қатар олар көрші тұрғаны анықталған. Тергеу барысында моральдық шығын өтелгені белгілі болды. Алайда сот процесінде бұл талап бөлек қаралмаған. Зорлағанын мойындамаған сотталушы тағдыры тас талқан болған қыздан кешірім де сұрамапты. 71 жастағы туыс атасынан зорлық көрген қыз қазір 1 жастан асқан баласымен ауылынан кетіп, Астанаға көшуге мәжбүр болыпты.