«Өзіммен қоса баламды қорғадым»: Ақтөбеде күйеуін өлтірген әйел сот залынан босатылды

Qaz365.kz редакциясы

Айыпталушы жүкті болғанын, өзін және баласын қорғағанын айтты

Фото: Бейнеден кадр

Ақтөбеде күйеуін аффект күйінде қорғану үшін өлтіруге мәжбүр болған әйел рақымшылыққа ілініп, сот залынан босатылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ақтөбеде 37 жастағы Ксения Седоваға қатысты қылмыстық істің нүктесі қойылды. Сот оны кінәлі деп танығанымен, түрмеде жазасын өтеуден босатты.

Қайғылы оқиға былтыр 29 сәуір күні болған. Сол күні ерлі-зайыптылар арасында жанжал шыққан. Тергеу материалдарына сүйенсек, марқұм ер адам қатты мас болған. Сараптама оның қанында 4,58 мөлшерде алкоголь болғанын көрсетті.

Ұрыс-керіс төбелеске ұласқан. Айыпталушы ас үй пышағын алып, күйеуіне бірнеше рет сұғып алған. Соның бірі кеуде тұсына тиіп, жүрегін зақымдаған. Ер адам оқиға орнында көз жұмды.

Бастапқыда Ксения Седоваға Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылған. Алайда сот істің мән-жайын жан-жақты зерделей келе, қылмыс қатты жан күйзеліспен (аффект күйінде) жасалған деген қорытындыға келді. Нәтижесінде айып Қылмыстық кодекстің 101-бабы 1-бөлігіне — «Аффект күйінде жасалған адам өлтіру» бабына ауыстырылды.

Судья Сейтжапаров үкімді жариялай отырып, Седованы аталған бап бойынша кінәлі деп танып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда «Амнистия туралы» заңға сәйкес, ол жазасын өтеуден босатылды. 

«Ксения Седованы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 101-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. «Амнистия туралы» заңға сәйкес Седова жазасын өтеуден босатылсын. Бұлтартпау шарасы өзгертіліп, сот залында қамаудан босатылсын. Жәбірленуші тараптың азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылсын: моральдық зиян үшін 5 миллион теңге, материалдық шығын ретінде 378 500 теңге және заңды өкілдің қызметіне 754 325 теңге өндірілсін», — деді судья Сейтжапаров.

Сот барысында айыпталушы ұзақ уақыт бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін айтты. Оның сөзінше, күйеуі ішімдікке әуес болған және жиі қол көтерген. Қайғылы оқиға болған күннің өзінде де оны соққыға жыққан. Іс Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында қаралды.