Ұзаққа созылған сот ісі: «Заңсыз сотталдым» деген Денис Квиташ үкіметтен 1 млрд өтемақы талап етпек

Qaz365.kz редакциясы

Қазақстанда экономикалық қылмыстарға қатысты сот үкімдері жоққа шығарылып, қайта қаралатын жағдайлар өте сирек кездеседі

Коллаж: Qaz365.kz

Жоғарғы сот арқылы 7 эпизодта ақталып, 3 жазадан босатылған Алматылық кәсіпкер енді өзін сотқа бергендерден 3,5 млрд теңге талап етіп, арыз жазғалы отыр. Ол осыған дейінгі сот үкімдерінен соң 2 жыл уақытша ұстау изоляторында, кейін арнайы мекемеде отырып, денсаулығы нашарлап, 25 келіге арықтап кеткен. Астанадағы кассациялық сот ақыры өте көп заң бұзушылық бар деп, істі бірінші сот сатысынан қайта бастауды тапсырды. Заңсыз сотталдым деген азамат халықаралық соттарға жүгініп, Қазақстан үкіметінен 1 миллиард өтемақы талап етпек. 

Qaz365.kz редакциясы алматылық кәсіпкерге хабарласып істің мән-жайын сұрады. 

Кассациялық сотқа жеткен дау

Бұл дау 2022 жылы басталған. Квиташтың сөзінше, ол бірге жұмыс істеген серіктесін компания қаражатын алды деп күдіктенген. Осыдан кейін олардың әріптестігі тоқтаған. Кәсіпкердің айтуынша, кейін жүргізілген тәуелсіз аудиторлық тексеріс күдікті растаған. Осы оқиғадан кейін кәсіпкер Алматы қаласының мамандандырылған экономикалық сотына жүгінген. Алайда бұрынғы серіктесі өзіне қарсы бопсалау, рейдерлік және алаяқтық жасады деп арыз жазған.

«Мен сотқа жүгінгеннен кейін дәл бір ай өткен соң Аргын Едил маған қарсы арыз жазып, мені бопсалау, рейдерлік және алаяқтық жасады деп айыптады», — деді ол.

Қамау және сот үкімдері

2023–2025 жылдар аралығында Квиташ уақытша ұстау изоляторы мен түзеу мекемесінде жалпы 2 жыл отырды. Осы уақытта компания жұмысы тоқтап, қызметкерлер жұмыссыз қалған. Кәсіпкердің айтуынша, бұрын компаниясы орта бизнес санатына кірген және жыл сайын мемлекетке қомақты салық төлеп келген.

«Қамауда отырған уақытта күнді бос өткізбей, әртүрлі іспен айналысуға тырыстым. Осы аралықта компанияның жұмысы толық тоқтап қалды, қызметкерлерім жұмыссыз қалды. Біз орта кәсіпкерліктегі белді компания едік. Ұсталғанға дейін жылына шамамен 100 миллион теңгедей салық төлеп жүрдік. Қазір бәрін қайтадан бастап, ісімді қайта жолға қоюға тырысып жүрмін», — дейді Денис Квиташ.

Алмалы аудандық сот 2024 жылғы сәуірде оны 6 жылға бас бостандығынан айыру және мүлігін тәркілеу туралы үкім шығарды. Ол осынша уақыт кінәсі дәлелденбеген адамды қамауға алу үлкен қателік екенін айтты.

«Бұл істегі прокуратура мен соттың ең үлкен қателігі — кінәсі дәлелденбеген адамды қамауға алу. Кей кезде жүйе өзін-өзі қорғауға тырысады. Өйткені «форма мен мантия киген адамдар қателеспейді» деген түсінік бар. Маған тағылған айыптар нақты дәлелдерге емес, жалпылама сөздерге негізделген. Ал алаяқтықтың негізгі белгісі — алдау арқылы біреудің мүлкін иемдену. Менің әрекеттерімде мұндай да, алдау да болған жоқ», — деді кәсіпкер.

2024 жылғы қазан айында апелляциялық сот 10 эпизодтың алтауы бойынша ақтау үкімін шығарып, тәркіленген мүлікті қайтарды, бірақ төрт эпизод күшінде қалды. 2025 жылғы мамырда Жоғарғы сот айыптау мен жартылай ақтау үкімін түгелдей жойып, істі қайта қарау үшін апелляцияға жіберді. Өткен жылдың қыркүйегінде Алматы қалалық сотының жаңа құрамында шешім шықты: жеті эпизод бойынша толық ақталды, қалған үш эпизод бойынша жаза мерзімі өткендіктен (он жылдан астам) жазадан босатылды. Квиташ сот залынан бостандыққа шықты.

Күйеуі қамауға алынғанда оның жұбайы Григорьян Сусанна жалғыз өзі наразылық танытып, қағаз ұстап алаңға шыққан. Сот істері кезінде жүкті болған ол сот ісіндегі жәбірленуші дәрежесіндегі адамдардың дүние мүлікті тәркілетіп, тартып алмақ болғандарын айтты. Сондай-ақ іс жайлы ақпарат таратып отырған оны 419-бап «жалған ақпарат тарату» бойынша сотқа тартпақ болған. Ол бұл әрекеттерден қатты күйзелгенін айтты.

«Жалған зардап шеккен адамдар сот арқылы мүлкімізді тартып алуға бірнеше рет әрекет жасады. Бізді баспанасыз қалдырмақ болды. Олар кішкентай балаларымыздың бар екеніне де қарамады. Жүкті кезімде де, кейін де моральдық қысым көрдім. Енді мынадай сұрақ туады: прокуратура қызметкерлері әлі күнге дейін неге бізді қорғамай отыр?» – деді ол.

«Қазақстан үкіметінен 1 млрд өтемақы талап етемін»

Денис Квиташ әуелі өзіне қарсы арыз жазған адамдарға сотқа талап қоюды жоспарлап отыр.

«Ең алдымен маған арыз жазған адамдарға талап қоямын. Компанияма келген шығынды шамамен 3,5 миллиард теңгеге бағалаймын. Қамауда мен отырдым, бірақ соның зардабын отбасым — жұбайым, үш балам, ата-анам, әпке-сіңлілерім мен атам да көрді», — деді ол.

Денис Квиташ кінәсі дәлелденбей тұрып ұзақ уақыт түрмеде отырғаны үшін мемлекеттен моральдық және материалдық өтемақы талап етуді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, бұл талап Қазақстандағы адамның құқықтары мен еркіндігінің құнын көрсету үшін маңызды.

«Мемлекеттен өзімнің моральдық зардаптарым үшін 1 миллиард теңге талап етемін. Әрине, менің ойымша, оны толық қанағаттандырмауы мүмкін. Бірақ мен бұл істі міндетті түрде талап етемін. Конституцияның бірінші бабында адамның өмірі, құқықтары мен еркіндігі ең басты құндылық деп жазылған. Менің талап арызым осыны көрсететін болады», — дейді Квиташ.

Квиташ жалпы заңсыз әрекеттерге назар аударту үшін халықаралық соттарға жүгінуге де дайын.

«Мемлекетке талап арыз қойылады. Заң бойынша, мұндай жағдайда маған заңсыз сотталғандықтан барлық шығындарым мен кірістерімнің орнын өтеу міндетті. Менің соттасып жүріп ала алмаған жалақым, адвокатқа төлеген ақшам, түрме мен колониядағы тамаққа кеткен шығындар, Астанаға барғандағы жолақы, сондай-ақ екі жылға жуық уақыт жалға алған пәтер ақысы бар. Себебі, өз мүлкіміз болғанымен, «жалған зардап шеккендер» заңдылықты сылтау етіп, менің заңды мүлкімді тартып алу арқылы пайда көргісі келді, сондықтан бізге пәтер жалға алуға мәжбүр болдық», — деді кәсіпкер.

Денис Квиташ Қазақстанның батыс елдерінің тәжірибесін ескеріп, өтемақыны әділ төлегендерін қалайды. Кәсіпкердің айтуынша, бизнес-омбудсмен аппаратының өкілі, “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мейрамбек Қаныбеков үнемі қолдау көрсетіп, соттарға қатысып, баспасөз мәслихатына келген.

«Погоны бар кейбір адамдар Қазақстанда билік өздерінде деп ойламауы керек. Бұл елдің нағыз иесі — халық. Сондықтан біз заңмен өмір сүруіміз керек, біреудің заңсыз тәртібімен емес», — деді Денис Квиташ.

Qaz365.kz редакциясы ары қарайғы сот процесін бақылап, тікелей ақпарат таратып отырады.