Есірткі саудасына қарсы күрес тағы қатаңдатылды

Qaz365.kz редакциясы

Жаңа заң есірткі өндірумен және заңсыз айналымын жүргізумен айналысатындарға қатаң жауапкершілік жүктейді

Фото: med-zahid.com.ua

Есірткі саудасы әлі толастамай тұр. Мұнымен құқық қорғау органдары күресті тоқтатпаса да, көрсеткіш көңіл көншітерлік емес. Мәселен, былтырғы жылы елімізде 49 тоннадан астам есірткі  заты тәркіленіп, оны саудалайтын 17 мыңнан астам сайт бұғатталған. Алайда, әлдекімдерге қомақты табыс әкеліп тұрған көлеңкелі бизнестің түп-тамырына балта шабу әзірге қиынға соғуда, деп хабарлайды Qaz365.kz    

Есірткі саудасы мен тасымалына ақша құйып, соның арқасында қалтасын қампайтып отырған топтар көп. Бірақ құқық қорғау мекемелері оларды емес, төменгі етекте жатқан «майшабақтарды» ұстаумен әлек. Неге? Осы бизнестің ту басында тұрғандарға тісі батпай ма, әлде қалай?

Есірткі саудасына қарсы күрес жыл өткен сайын күшейіп келеді. Былтыр Қазақстан Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңесте де 2026-2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесімен күресудің кешенді жоспарының жобасы талқыланды. Ал 2024 жылы президент қол қойып, 2025 жылдың наурызынан күшіне енген «Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң бойынша жазалау ережесі қатаңдатылды.

Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжановтың айтуынша, егер бұл қылмысқа алғаш рет барған адам болса да, қылмыстық жауапкершілік сақталады.

«Бұрын 5 жылдан 10 жылға дейін жаза қарастырылса, қазір 5-8 жыл арасы. Ал 2-бөлім бойынша 6-12 жыл емес, 6-10 жыл, 3-бөлімде 10-15 жыл азайып, 6-10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады», – деген болатын.

Иә, соңғы кезде есірткі бизнесінде тек оны жеткізушілер мен бір жерге жасырып қойып кетушілердің ғана ұсталып жатқаны белгілі. Енді жаңа заң бойынша, олардың жасы мен жағдайы ескерілетін болды. Бұған дейін олар 5-10 жыл арасын алса, енді 5-8 жылға қысқарды. Одан бөлек сотта шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға және жазаның қалған бөлігін жеңіл түрге ауыстыру мүмкіндігі де қарастырылады. Десек те, оңай жолмен ақша табамын деп жас ғұмырын темірторда өткізбеу үшін қылмыстық топтардан аулақ жүргенін қамтамасыз ету керек. Егер бұл әрекетін қоймай, еінші рет осы қылмысқа барса, жазасы да күшейетінін еске салған жөн.

Ал жаңа заң есірткі өндірумен және заңсыз айналымын жүргізумен айналысатындарға қатаң жауапкершілік жүктейді. Яғни, бұл жағдайда 15-20 жылға дейін немесе мүлкі тәркіленіп, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Тағы бір айта кетерлігі, егер есікрткі саудасымен мектеп мұғалімдері, дәрігерлер мен басқа қызметкерлер айналысса, 15-20 жылға дейін жаза арқалайды.

Елдегі есірткі саудасының тоқтаусыз жүруіне не себеп? Бұл нашақорлықтың дендеп кетуін білдіре ме? Есірткі бизнесінің дамуы – оны тұтынушылардың артуына сеп болады. Демек, сұраныс бар деген сөз. Алайда, үкімет соңғы жылдары «есірткі саудасы азайды, нашақорлар саны төмендеді» деген деректі ұсынып келеді. Мұны Денсаулық сақтау мнистрлігі мәліметіне қарасақ, 2020 жылы есірткі тұтынатын 17 085 адам бақылауда тұрса, 2025 жылы 18 мыңға жеткен.  Сонда азайды ма, көбейді ме? Қазір интернеттің дамыған заманында бұл бизнес керісінше артып отырғанға саяды. Арнайы ұйымдасқан қылмыстық топтар арқылы барынша сақтық жолмен жүзеге асатын бұл бизнеске жаңа технология құралдарының тартылып жатқанын байқауға болады.

Есірткіге тәуелділік ауруын емдеумен айналысатын маман психиатр Мұхамед Аляздың пікірінше, есірткіге тәуелділік аз уақытта емес, адамның психологиялық жағдайы, араласатын ортасы және өмірлік қиындықтары нәтижесінде пайда болады.

«Есірткіге тәуелді адамды емдеуге аз уақыт кетпейді. Ол адамның ішкі күйзелісі мен оқшаулануына әкеледі. «Өмірдегі қиындықты ұмытамын» деп есірткі тұтынуға әдеттену созылмалы дертке әкеледі. Оны емдеу мен оңалту да оңай шаруа емес», – дейді психиатр-терапевт.