Алматы полициясы үш күнде 5 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегін анықтады

Qaz365.kz редакциясы
kolesa.kz

Алматы қаласында өткен үш күндік жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында 5 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелді. Тәртіп сақшылары мегаполис көшелеріндегі қауіпсіздікті күшейтіп, түнгі заңсыз жарыстар мен мас жүргізушілерді анықтауға басымдық берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Полиция департаментінің мәліметінше, рейд барысында 43 мас жүргізуші ұсталып, 369 адам көлікті құжатсыз басқарғаны анықталды. Жалпы алғанда 94 автокөлік айыппұл тұрағына қойылды. Сондай-ақ, 2 мыңнан астам жылдамдықты асыру және қауіпті көлік жүргізу жағдайлары (соның ішінде «дрифт») тіркелген.

Ерекше резонанс тудырған оқиға әл-Фараби даңғылында орын алды. Жүргізуші көлігін сағатына 250 шақырым жылдамдыққа дейін үдетіп, бұл әрекетін әлеуметтік желіге мақтанышпен жариялаған. Полиция өкілдері мұндай «цифрлық іздердің» бәрі бақылауда екенін ескертті:

«Кейбір жүргізушілер өз құқықбұзушылықтарын әлеуметтік желілерге өздері жариялайды. Мұндай деректердің барлығы бақылауға алынып, құқық бұзушылардың жеке тұлғасы анықталады. Мәселен, әл-Фарабидегі оқиға бойынша жүргізуші ұсталып, сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды», – деп хабарлады Алматы қалалық ПД өкілдері.