КҚК-ға жасалған шабуылды қолдағандарға қатысты іс енді «бопсалау» бабы бойынша да тергеліп жатыр

Qaz365.kz редакциясы
РИА Новости

Каспий құбыр консорциумына (КҚК) жасалған шабуыл туралы әлеуметтік желідегі жазбаларға қатысты қозғалған қылмыстық істің ауқымы кеңейді. Ішкі істер министрлігі Nege редакциясына берген ресми жауабында Астана қалалық Полиция департаменти аталған факті бойынша тергеуді бірден екі бап негізінде жүргізіп жатқанын растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қазіргі уақытта іс Қылмыстық кодекстің 174-бабы (алауыздықты қоздыру) және 194-бабының 4-бөлігі (бопсалау) бойынша қарастырылуда. Бұл өзгерістер украин дрондарының КҚК инфрақұрылымына жасаған шабуылын қолдап, желіде пікір жазған қазақстандықтардың іс-әрекетін құқықтық бағалау барысында енгізілген.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Айдос Сарым бұл мәселені көтеріп, Бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдаған болатын. Депутат мемлекеттің стратегиялық нысандарына шабуыл жасауды қолдағандарды «терроризмді насихаттау» немесе «мемлекетке опасыздық жасау» баптары аясында тексеруді ұсынған еді. Алайда құзырлы органдар бұл әрекеттерден терроризм немесе сатқындық белгілерін таппай, істі бастапқыда тек алауыздықты қоздыру бабымен шектеген.