«Адамзаттың масқарасысыңдар»: Сот Жанбыршиннің ЛГБТ өкілдері жайлы пікірін қорлау деп танымады

Qaz365.kz редакциясы
t.me/mazhilis_kz

Астана соты Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинге қарсы азаматтық талап арызды қарап, оны қанағаттандырудан бас тартты. Сотқа шағым түсірген Қазақстан азаматы Виталий Шевченко депутаттың әлеуметтік желідегі пікірін «ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлайды» деп тануды талап еткен болатын, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Дау былтыр Facebook әлеуметтік желісінде басталған. Депутаттың ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы жазбасының астында Шевченко ЛГБТ қауымдастығын қолдап, парламентарийдің ұстанымын сынаған. Бұған жауап ретінде Еділ Жаңбыршин өз пікірін айтқан.

«Үйіңде не істесең де өзің біл, бірақ ЛГБТ-ны насихаттама. Тыныш өмір сүр, бұл туралы «бақырып-шақырудың» қажеті жоқ! Сендер адамзаттың масқарасысыңдар», – деп пікір қалдырған депутат.

Шевченко бұл сөздер үшін депутаттан көпшілік алдында кешірім сұрауды және пікірді өшіруді талап етті.

Сараптама қорытындысы бойынша, депутаттың жазбасында Шевченконың ар-намысына тиетін немесе іскерлік беделін түсіретін мәліметтер анықталмаған. Сарапшылар бұл сөздерді «бағалау сипатындағы пікір» және «жеке көзқарас» ретінде таныды. Судья өз шешімінде ар-намысты қорғау үшін ақпараттың шындыққа жанаспайтындығы және таратылғандығы сияқты шарттардың толық жиынтығы қажет екенін, ал бұл жағдайда ол талаптардың орындалмағанын түсіндірді.

Сот шешімімен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылды. Сонымен қатар сот талап қоюшы Виталий Шевченкодан сараптама жүргізуге кеткен 131 430 теңге көлеміндегі шығынды өндіріп алуды ұйғарды. Депутат Еділ Жаңбыршин онлайн форматта өткен сот отырысына қатысқан жоқ. Шешім заңды күшіне енген жоқ және оған шағынуға болады.