Жамбылдағы сарбаз өліміне кім кінәлі: командирдің үстінен қозғалған іс сотқа жолданды

Qaz365.kz редакциясы
ашық дереккөзден

Жамбыл облысында Гвардия гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қатардағы жауынгер Еркебұлан Рүстемұлының қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы жұма күні Бас әскери прокуратураның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, рота командиріне қызметіне салғырт қарады деген айып тағылып отыр. Атап айтқанда, лауазымды тұлға жеке құрамның қызмет өткеруін және әскери қызметшілердің қару-жарақпен жұмыс істеуін тиісті деңгейде бақыламаған. Бұл жайт 27 қаңтарда сарбаздың ажал құшуының басты себептерінің бірі ретінде көрсетілген.

Тергеу барысында офицердің қаза тапқан сарбаздың қызметтестеріне қатысты билігін асыра пайдаланғаны анықталды. Барлық қажетті дәлелдеме жинақталып, қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды. Бас әскери прокуратура сарбаздың өліміне қатысты өзге де жағдайлар бойынша тергеу амалдары жалғасып жатқанын және іс ерекше бақылауда екенін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Еркебұлан Рүстемұлының қарумен жұмыс істеу кезінде алған жарақатынан көз жұмғаны хабарланған болатын. Осы дерек бойынша бірден қылмыстық іс қозғалып, әскери бөлімдегі тәртіп мәселесі қоғамда үлкен талқылау тудырды.