Енді қатардағы көлікте полицей отыруы мүмкін: Алматы жолдарында жасырын патрульдеу енгізілді

Qaz365.kz редакциясы
polisia.kz

Алматы қаласында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасырын патрульдеу форматы енгізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Патрульдік полиция қызметкерлері азаматтық киімде және қарапайым көліктермен жалпы көлік ағынында жүріп, тәртіп бұзушыларды анықтайды.

Жасырын патрульдердің негізгі міндеті — жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу, соның ішінде агрессивті жүргізу стилін тіркеу. Мамандар көлікті шұғыл бұру, «шахмат» әдісімен жүру және авариялық жағдай туғызу фактілерін бақылайды. Анықталған заң бұзушылықтар туралы ақпарат нақты уақыт режимінде жақын маңдағы патрульдік экипаждарға беріліп, олар жүргізушілерді тоқтатып, жауапқа тартады.

Алматы қалалық Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаевтың айтуынша, бұл әдіс бұрын назардан тыс қалатын өрескел бұзушылықтарды анықтаудың тиімді құралына айналмақ. Мәселен, өткен демалыс күндерінің өзінде қалада агрессивті жүргізудің 28 фактісі жойылып, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Қазіргі уақытта жасырын патрульдеу қаланың барлық аудандарында жүзеге асырылуда. Полиция департаменті бұл шара жолдардағы мәдениетті арттыруға және қайғылы оқиғалардың санын азайтуға септігін тигізеді деп сенім білдіріп отыр.