«Бетін тұмшалағандар жазаланады»: вице-министр заң бойынша қанша айыппұл салынатынын айтты

Qaz365.kz редакциясы

Қоғамдық орында бетін тұмшалаған азаматтарға әуелі ескерту жасалады

Фото: Elements.envato.com

Мәдениет және ақпарат министрлігінің бірінші вице-министрі Қанат Ысқақ қоғамдық орында жүргенде бет-әлпетін жабатын киім киген азаматтардың жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Вице-министр бұл заңның белгілі бір діни киімдерге емес, дәл қоғамдық орында жүзін жасыруға салынған тыйым екенін түсіндірді. Оның сөзінше, заң бұзғандарға әуелі ескерту жасалады. Кейін заң бұзушылық қайталанса, айыппұл салынады.

«Біз діни, әлеуметтік киімдерге тыйым салып отырған жоқпыз. Тек қана адамның бет-жүзін жабатын, оның бейнесін анықтауға бөгет жасайтын киім болса, бізде ең бірінші әкімшілік құқық бұзушылық кодекс туралы ескерту жасалады. Егер ондай жағдай қайталанса, 10 АЕК бойынша айыппұл салынады. Бұл норманың енгізілгеніне қателеспесем 2-3 ай болды. Нақты статистика жоқ. Біз жинақтап жатырмыз. Бұл жұмысты біздің ІІМ өткізеді», — деді Қанат Ысқақ. 

Сонымен қатар Қанат Ысқақ курьер болып, басқа да қызметтерде, спортпен айналысқанда ауа райына байланысты, қауіпсіздікке байланысты бетін жауып, киінетіндерге тыйым салынбайтынын айтты. 

«Кәсіби қызметтегі міндеттерді орындау үшін киінетіндерге бұл тыйым салынбайды. Солай киінетін кммуналды қызметтегілер бар, тіпті спортшылар да бар. Басты қорғайтын, бетті жабатын бас киімдер киеді. Кәсіби қызметке, спортқа байланысты жағдайларда заңда рұқсат етілген», — деді Қанат Ысқақ.

Айта кетейік, Мәдениет және ақпарат министрлігі Қылмыстық кодекстің 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» айыбын ішінара қылмыс деп танымау жайлы мәселені қарастырып жатыр