Жамбыл облысында Қазақстанның Қызыл кітабына енген қарақұйрықты заңсыз аулау дерегі анықталды. Табиғатты қорғау полициясы мен «Сапсан» жедел қызметінің бірлескен рейді барысында браконьерлік әрекеттің беті ашылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Заңсыз аңшылық дерегі Жамбыл ауданындағы мемлекеттік орман қорына қарасты құмды алқапта тіркелген. Тексеру кезінде жергілікті қойшының үйінен жабайы жануар — қарақұйрықтың бөлшектелген дене мүшелері табылды. Күдікті жануарды заңсыз атып, етін үйіне жасырын жеткізгенін мойындады. Сонымен қатар, ол полицияға тіркелмеген 16 калибрлі аңшы мылтығы мен оқ-дәрілерді өз еркімен тапсырған.
Қазіргі уақытта сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарларды заңсыз аулау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшылары жануарлар дүниесіне келтірілген шығын көлемін есептеп жатыр. Еске сала кетсек, Қазақстан заңнамасына сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда аң аулау ауыр қылмыс санатына жатады.
Жамбыл облысының Полиция департаменті азаматтарды табиғатты қорғау заңнамасын қатаң сақтауға шақырады. Құқық қорғау органдары браконьерлік деректері туралы ақпарат білетін тұрғындарды дереу хабарлауды сұрайды.