Өзбекстандық блогер Маңғыстаудың киелі жерлерін көлікпен таптағаны үшін айыппұл арқалады

Qaz365.kz редакциясы

Блогер табиғи қорық аймағындағы сапарының видеосын өзінің Instagram парақшасында жариялаған.

Видеодан кадр

Өзбекстандық блогер Илхомжон Йолчиев Маңғыстау облысындағы Тұзбайыр сорының аумағында жол талғамайтын көлікпен жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Блогер табиғи қорық аймағындағы сапарының видеосын өзінің Instagram парақшасында жариялаған. Бейнежазбада көліктің Бозжыра шатқалына жақын маңдағы сор табанында және ерекше қорғалатын табиғи аймақта еркін қозғалып жүргені анық көрінеді. Бұл кадрлар әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында тәртіп сақшыларының назарына ілікті.

Полиция қызметкерлері шетелдік азаматқа қатысты «Абаттандыру қағидаларын бұзу» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Ереже бұзушыға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 86 500 тенге айыппұл салынды.

Тұзбайыр соры мен Бозжыра шатқалы — Маңғыстаудың бірегей табиғи ескерткіштері. Экологтар мен жергілікті билік мұндай аймақтарда көлікпен жүру топырақ қабаты мен табиғи ландшафтқа орны толмас нұқсан келтіретінін бірнеше рет ескерткен болатын.