Танымал блогер Ерболат Жанәбілов сот отырысында өзіне тағылған айыптарға қатысты пікір білдіріп, кінәсін ішінара мойындады. Ол Қылмыстық кодекстің 214-бабы (заңсыз кәсіпкерлік) бойынша өз кінәсін растағанымен, 218-бап (қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру) бойынша тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сот талқылауы кезінде блогер бұл жағдайдың отбасына моральдық тұрғыдан ауыр тигенін айтып, көз жасына ерік берді. Жанәбіловтің сөзінен кейін залда отырған жұбайы Эльмира Төлегенова да эмоциясын жасыра алмай, жылап қалды. Блогер өз сөзінде тергеу амалдарының не себепті дәл олардың отбасына бағытталғанын түсінбейтінін жеткізді.
Ерболат Жанәбілов бұл істің неге қылмыстық деңгейге дейін жеткеніне таңданыс білдіріп, өзін «нысанаға» алынғандай сезінетінін атап өтті.