Наурыздың соңғы демалыс күндері Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашынсыз, жылы ауа райы сақталады. «Қазгидромет» синоптиктерінің болжамы бойынша, 28-30 наурыз аралығында еліміздің оңтүстігінде нағыз жазғы аптап орнап, термометр бағаны +30 градусқа дейін көтерілмек, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тек республиканың батысында және оңтүстік облыстардың таулы аймақтарында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Сонымен қатар, еліміздің бірқатар өңірінде жел күшейіп, оңтүстікте шаңды дауыл, ал солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда түнде және таңертең тұман түседі деп күтілуде.
Өңірлер бойынша күндізгі температура көрсеткіштері:
• Оңтүстікте: +23...+30 градус жылы;
• Батыста: +18...+27 градусқа дейін жылынады;
• Орталықта: +15...+25 градус;
• Шығыста: +12...+20 градус;
• Солтүстікте: +10...+17 градус жылы.
Айта кетерлігі, тек еліміздің оңтүстік-батысында ауа температурасының аздап төмендеуі байқалып, сынап бағаны +13...+20 градус деңгейінде болмақ.