Қалаға жауған қалың қардан кептеліс пайда болып автобустар уақытынан кешігіп жатыр
Еліміздің солтүстігінде 12 сағат бойы қар жауып, көліктер қозғалысы қиындады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қаладағы үлкен кептелістен автобустар уақытынан кешігіп жатыр. 12 сағат бойы жауған қар мен ақ түтек боранның кесірінен жол көлік оқиғалары да көбейген. Сондай-ақ, Петропавлдағы әуежайға ұшақтар қона алмай әуе рейстері кейінге қалдырылды. Ал дөңгелек ауыстыру орындарында ұзын-сонар кезек пайда болды.
"Елдімекендерден қажеттіліксіз шықпауларыңызға кеңес береміз. Көліктеріңіздің техникалық жағдайына мән беріп, уақытылы қысқы дөңгелектерге ауыстыруды сұраймыз. Жылдамдық режимі мен көлік арасындағы арақашықтықты ұстау қажет.
Ал Қазгидромет мамандары демалыс күндері еліміздің барлық аймағында күн суытып, қар жауатынын ескертеді. Ауа райының бұзылуына Қазақстан аумағына келе жатқан арктикалық суық циклонның салдары себеп",– деді Полиция қызметкері.
Полиция жүргізушілерге сақ болып, жылдамдықты шамадан тыс асырмауға кеңес береді. Демалыс күндері алыс жолға шығу да қауіпті екенін жеткізді. Себебі, синоптиктер теріскейде ауа температурасы 9 градусқа дейін төмендейді деп болжайды.