Отбасы банк басшысы Ләззат Ибрагимова азаматтарға жеке баспана алуға мүмкіндік беретін бағдарламалар қатары кеңейетінін жариялады
Үкімет тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін қолдау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты шаралар қабылдады. Соңғы аптада азаматтарда ипотека рәсімдеу бойынша қиындықтар туындап жатқаны бәріңізге мәлім. Осыған байланысты Үкімет тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін қолдау туралы шешім қабылдады. Келешекте халыққа баспана қолжетімді болуы үшін ипотекалық несие көлемі екі есе артты. Қараша айында “Наурыз" және “Наурыз жұмыскер” бағдарламалары басталады. Жалпы, 500 млрд теңге көлемінде несие беріледі”, – деді Ләззат Ибрагимова.
Бұған қоса, “Әскери баспана” бағдарламасы қайта іске қосылады. Осы бағдарламаның арқасында шамамен 7 мың әскери қызметкер дайын пәтер сатып ала алады.
Барлық пәтер Баспана маркет платформасы арқылы сатылады. Пәтерлердің бағасы мемлекет бақылауында.
“Қазіргі таңда құрылыс компаниялары 36 айға дейін пәтер бағасын өсірмейтіні туралы алдын ала келісімшартқа отырады», — деді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы.
Қолданыстағы «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасы үлкен сұранысқа ие болғандықтан, оны кеңейту жоспарланып отыр. Биыл осы жобаға қатысу үшін шамамен 33 мың жас отбасы өтініш берген, алайда олардың ішінен шамамен 8 мыңы ғана жеңімпаз атанған.
«Енді бұған дейін бағдарламаға қатысқан азаматтарға қосымша несие алу мүмкіндігі беріледі. Қарыз беру процесі 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін басталады. Бұл несиелер — отандық құрылыс компаниялары салған, таза әрлеудегі (чистовая отделка) алғашқы нарықтағы тұрғын үйлерге арналған», — деді Ләззат Ибрагимова.
Оның айтуынша, сондай-ақ «Әскери баспана» бағдарламасы қайта жанданады. Бұл бағдарлама аясында қазіргі тұрғын үй төлемдерін алып отырған әскери қызметшілер осы жылдың өзінде дайын пәтерлерге қоныстану мүмкіндігіне ие болады.
«Әскери қызметшілер негізінен екіншілік нарықтан тұрғын үй сатып алады. Дегенмен экономиканы ынталандыру шаралары аясында осындай пәтерлерді сатушыларға тұрғын үй аумағын кеңейтіп, сапасы жоғары баспана сатып алуына жағдай жасайтын қосымша жеңілдіктер ұсынылады.
Аталған шаралар осы жылдың өзінде жаңа қоныс иелерінің санын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді ол.
Ләззат Ибрагимова енгізіліп жатқан шаралар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және тұрғын үйге қолжетімділікті арттыруға бағытталғанын атап өтті. Бұл бастамалар тек әлеуметтік тұрғыдан осал топтар үшін ғана емес, сонымен қатар өз баспанасы бұрын болмаған азаматтарға арналған. Олар 2025–2026 жылдары алғаш рет өз пәтерінің иесі бола алады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Үкімет екінші деңгейлі банктер тарапынан ипотекалық бағдарламалар ұсынысының азаюына және базалық мөлшерлеменің жоғарылауына байланысты, тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесін қолдау туралы шешім қабылдаған болатын. Осы мақсатта халыққа жеңілдетілген ипотекалық несие беру көлемі екі есеге арттырылмақ. Бұл өз кезегінде тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.