×

2026 жылғы ипотека: шын тиімді бағдарламаны қалай таңдау керек?

Сарапшы тиімді ұсыныстар жайлы кеңес берді

2026 жылғы ипотека: шын тиімді бағдарламаны қалай таңдау керек?
Коллаж: ЖИ арқылы жасалды

Қазақстанда пәтер сатып алудың ең кең тараған жолдарының бірі – ипотека. 2026 жылдағы нарық өзгерістерге толы. Банктер өз шарттарын жаңартып, жаңа ұсыныстар шығарады, бәсеке күшейеді. Бірақ жарнамадағы әдемі пайыздық мөлшерлеме көрсеткіштерінің артында үнемі шынайы пайдалы ұсыныс тұрмайтынын білу маңызды.

Qaz365.kz Kn.kz сайтына сілтеме жасап, осы мәселе жайлы сарапшы пікірін назарларыңызға ұсынады.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшысы Рамазан Досовтың айтуынша, тиімді ипотеканың басты көрсеткіші – пайыздық мөлшерлеме, ал кредиттің мерзімі екінші орында тұр.

«Пайыздық мөлшерлеме төмен болса, жалпы төлем ұзақ мерзімге алынғанымен де әлдеқайда аз болады. Ал мөлшерлеме жоғары болса, несиенің ұзақтығына қарамастан төлем күрт өседі. Несие мерзімі негізінен ай сайынғы төлемді басқару құралы болып табылады. Сондықтан қарыз алушы үшін негізгі бағдар – пайыздық мөлшерлеме, ал мерзімді ыңғайлы айлық төлемге сай таңдайды», – дейді сарапшы.

Сарапшы шағын пайыздық мөлшерлеме айырмасы да ұзақ мерзімде миллиондап төлем өсімін туғызатынын ескертеді. Мысалы, 10 миллион теңге ипотеканы 15 жылға, аннуитеттік төлеммен есептесек: 10% пайыздық мөлшерлемеде ай сайынғы төлем шамамен 107 мың теңге болады, жалпы төлем – 19,3 миллион теңге, яғни қосымша төлем – 9,3 миллион теңге. 12% пайыздық мөлшерлемеде айлық төлем 120 мың теңгеге өседі, жалпы төлем – 21,6 миллион теңге, қосымша төлем 11,6 миллион теңге болады.

«Тек 2 пайыздық пункт айырмасы қосымша төлемді 2 миллионнан аса арттырады. Сондықтан ипотеканы таңдағанда тек айлық төлемге ғана емес, жылдық тиімді мөлшерлемені, несие мерзімін және қосымша шарттарды ескеру керек», – дейді Досов.

Көп жағдайда ең тиімді жол – мемлекет қолдайтын бағдарламалар. Олар пайызын аз қояды, қаржылық салмақты жеңілдетеді, әсіресе алғаш пәтер алғалы жүргендер үшін ыңғайлы.
Екінші жол – ірі банктер ұсынатын тұрақты пайызбен ипотека. Мұнда ай сайынғы төлемді алдын ала білуге болады, пайыз өскенде қорықпайсың. Бастапқы пайыз сәл жоғары болса да, бұл қауіпсіз жол.
Сонымен қатар, қайта қаржыландыруға көңіл бөлген дұрыс. Кейбір банктер басқа жерден алған ипотекаңды өздеріне ауыстырсаң, жеңілдетілген шарт береді. Бірақ шынымен үнемдеу үшін пайыз айырмасы үлкен болуы және кредит мерзімі ұзақ болуы керек.

«Сонымен қатар қосымша шығындарды ескеру қажет: жылжымайтын мүлікті қайта бағалау, нотариустың қызметі, кепіл мен сақтандыруды қайта рәсімдеу. Егер мөлшерлеме айырмасы аз болса, осы шығындар экономикалық тиімділікті төмендетуі мүмкін», – дейді сарапшы.

Нарықта құрылысшылармен серіктес болатын бағдарламалары да ұсынылады, онда мөлшерлеме тартымды көрінуі мүмкін. Бірақ мұнда төмендетілген мөлшерлеме несиенің барлық мерзімінде жарамды екенін және пәтер бағасы нарыққа сай екенін тексеру маңызды. Кейбір «керемет» ұсыныстар шын мәнінде маркетинг болып шығады. Мысалы, ең аз мөлшерлемемен, бірақ комиссия мен ақылы қызметтері жоғары бағдарламалар, қысқа мерзімді несие және ай сайынғы төлемі тым үлкен ұсыныстар, сондай-ақ «жеңілдік» тек міндетті қызметтер мен сақтандыруды қосқан жағдайда ғана қолданылады. Сарапшы ипотека рәсімдеуден бұрын тек мөлшерлемеге ғана емес, несиенің толық құнына, комиссия мен сақтандыруды қосып, жылдық пайыздық мөлшерлемеге қарауға және қосымша төлемді алдын ала есептеуге кеңес береді.

«Ипотеканың нақты құнын банктердің сайтындағы немесе тәуелсіз қаржылық ресурстардағы несие есептегіштері арқылы алдын ала есептеуге болады. Бұл әртүрлі нұсқаларды тез салыстырып, байыппен шешім қабылдауға мүмкіндік береді», – дейді Досов.

2026 жылы ипотека алуды жоспарлағандарға сарапшы қаражатының қаншалықты екенін есептеп, оның қаншалықты мүлікке жететінін бағамдап алуға кеңес береді. Айлық төлем кірістің 25–35% асып кетпеуі керек, бастапқы жарна барынша үлкен болуы тиіс және жылдық пайыздық мөлшерлеме, несие мерзімі мен қолжетімді қаражат бойынша жеңілдік пен нарықтық ұсыныстарды салыстыру қажет.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Мұндай алаяқтық схемалар тұрғын үйді бөлу жүйесінің әділдігіне қауіп төндіреді
Банк қызметкерлері көптеген жылдар бұрын тізімге енгізілген кезекте тұрғандардан растауды күтуге мәжбүр

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →