Бүгін, 24 қаңтарда Қазақстанда мемлекеттік органдардың ресми сайттары, eGov.kz порталының компоненттері мен eGov Mobile қосымшасының, E-license және Ашық Үкімет порталы ашылмай қалды. Осыған қатысты қазақстандық миллиардер Тимур Турлов «Қазақтелекомды» кінәлап пост жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның Threads желісінде жазған посты ақпарат құралдарында кеңінен тарады. Арада бір сағат өтпей, Турлов кешірім сұрады.
«Қазақтелекомнан» кешірім сұраймын. Менің айтқаным дұрыс емес. Эмоцияға беріліп, жазба жарияламас бұрын дұрыстап тергеу жүргізіп алу керек еді. Ақау «Ұлттық ақпараттық технологиялардан» АҚ (ҰАТ) немесе ресейлік операторлар тарапынан болған шығар. Бұлай айтқаныма өкінемін, - дейді миллиардер.
Оның бұл асығыс мәлімдемесі «Қазақтелекомның» басқарма төрағасы Бағдат Мусинға ұнамай қалған тәрізді.
Турлов мырзаны қызметкерлері жаңылыстырғаны өте өкінішті. Мемлекеттік сервистердің қолжетімсіздігі «Қазақтелеком» АҚ-мен байланысты емес. Ол кісінің парақшасында жалған ақпаратты тез түзеткені үшін алғысымды білдіремін. Техникалық мәліметтерді Нұрлан Мейірманов түсіндіреді, - деді Мусин.