Өзбекстаннан аталған маркетплейс 2024-жылы 10 миллион доллардан астам қаржы шығарған
Шетелдік маркетплейстер Қазақстанның өз өндірушілерін қыса түсті. Өзбек билігі содан сабақ алып, Қытайдың Temu маркетплейсінің қарқынды түрде танымал болуына байланысты оны шектей бастады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
4 наурыздан бастап Ұлттық перспективалық жобалар агенттігі азаматтарға бұл платформада тапсырыс жасамай, бұрын рәсімделген тапсырыстар бойынша ақшаны қайтару туралы өтініш беруді сұрады. 20 наурыздан бастап шетелдік электрондық сауда платформаларына, соның ішінде Temu маркетплейсіне шектеулер енгізетінін ресми түрде мәлімдеді.
Өзбекстанның электрондық коммерция басқармасының басшысы Камронбек Мұхаммадиев Temu-дың агрессивті түрде жаңа нарықтарға еніп жатқанын, бірақ жергілікті заңдарды сақтамайтынын атап өтті. Қытай маркетплейстері Өзбекстанда салық және кедендік алымдарды төлемейді. 2024 жылы Temu арқылы елден 10 миллион доллардан астам қаржы шығарылған.
Қазақстан қамсыз ба
Шетелдік маркетплейстерге қосымша құн салығын төлетуді бұрын «Ақ жол» партиясының депутаттары көтерген еді. Экономист Сапарбай Жобаев бұл бастаманы дұрыс деп есептейді.
Депутаттардың айтуынша, импортты реттеу әрдайым бюджет кірісінің маңызды арналарының бірі. Бұл сектор бюджеттің толығуына ғана емес, отандық өндірушілердің мүдделерін қорғау тұрғысынан да айтарлықтай маңызға ие. Қалыптасқан жағдайды айқын көрсететін мысалдардың бірі – шетелдік маркетплейстер. Олар, өзге артықшылықтарымен қатар, 200 еуроға дейінгі бағасы бар сәлемдемелерді кедендік баж салығынсыз әкелу құқығын пайдаланады. 2023 жылы шетелдік маркетплейстер Қазақстанға жалпы құны 505 млрд теңге болатын тауар жеткізген, алайда бюджетке небәрі 24 млрд теңге ғана салық төлеген, бұл айналымның 4,8%-ын ғана құрайды.
Сапарбай Жобаев Қазақстанда жұмыс істейтін кез келген шетелдік маркетплейс міндетті түрде бәрімен тең түрде салық төлеуі керек деп есептейді.
«Әрине, біз ең алдымен, өзіміздің отандық кәсіпкерлерді қорғауымыз керек. Кез келген нәрсені сатып алған кезде салықтың төленетіні белгілі. Мысалы, қазір қарапайым дүкенге барып бір нәрсе сатып алсаң, оған қосылған қосымша құн салығын төлейсің. Маркетплейстер де солай болу керек. Басында бәрі еркін болды. Енді жөнге салған дұрыс. Қазір билік блогерлерді, әншілерді жөнге салып жатыр ғой. Шетелдік маркетплейстер де шет қалмауы тиіс», – дейді Сапарбай Жобаев.