×

Жетісуда жаңа зауыттар ашылмақ

Бұл жобалар жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады

Жетісуда жаңа зауыттар ашылмақ
Фото: Жеңіс Ысқабай

Биыл Жетісу облысында құрылыс материалдары мен өнеркәсіптік аккумулятор шығаратын жаңа зауыттар жұмыс істей бастайды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Талдықорғанда автоклавты қатайтатын газбетонды блоктар өндірісі қолға алынады, сол сияқты өнеркәсіп аккумуляторларын шығаратын жаңа зауыт іске қосылады. Бұл жобалар жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Қала кәсіпорындарын аралауы кезінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев осы және басқа да нысандардың құрылысы мен іске қосу-жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Аралау барысында алдымен «Қайнар-АКБ» ЖШС өнеркәсіптік аккумуляторлар шығаратын жаңа зауытта болды. Қазіргі кезде кәсіпорында жабдықтарды монтаждау жүргізілуде, мұнан кейін іске қосу жұмыстары басталады. Кәсіпорынды биылғы ІІ тоқсанының ортасында іске қосу жоспарланса, ал толық қуатына келесі жылы шығады деп межеленіп отыр.

Кәсіпорынның бас директоры Ербол Әжмағамбетовтың айтуынша, бірінші кезең іске қосылғаннан кейін зауыттың қуаттылығы жылына 100 мың өнеркәсіптік аккумулятор шығаруға жетеді. Қазір 150 тұрақты жұмыс орны құрылған, келешекте жұмыс орындарының санын 300-ге дейін ұлғайтпақ. Бүгінгі күні 10 млрд. теңге инвестиция тартылды және кәсіпкер мұнымен шектеліп қалмайтынын айтады. Кәсіпорын экспортқа бағдарланған. Сондықтан өнімдер тек отандық нарыққа ғана емес, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғыз, Әзірбайжан, Ресейге де жеткізілмекші. Толық қуатына шыққан кезде зауытта жылына 200 мыңнан астам өнеркәсіп аккумуляторы өндіріледі.

Жақын арада облыс орталығында тағы бір жаңа зауыт жұмысын бастайды. Бұл – «Талдықорған» индустриялық аймағының аумағында автоклавты қатайтатын газбетон блоктарын шығаратын кәсіпорын. Өндірістік қуаты – жылына 150 мың м3. Мамырдың аяғы мен маусымның басында іске қосылады деп жоспарланған.

– Қараусыз қалған ғимаратты өз жеке қаражатымызға сатып алып, тиісті реконструкция жүргіздік, қазір қажетті жабдықтар орнатылуда. Өңірде кірпіштің осы түрлерін өндіретін кәсіпорын жоқ. Біз жергілікті шикізатты қолданамыз. Негізінен дайын өнімді облыс аумағында сатамыз деп жоспарлап отырмыз. Зауыт ғимаратынан басқа кеңсеміз, қызметкерлерге арналған асханасы бар жатақханамыз бар. Қазір 30 адам жұмыс істейді. Зауыт іске қосылғаннан кейін жұмыс орындарының саны 70-ке дейін ұлғайтамыз. Жалақыға келсек, кәсіпорында жұмысшылар айына 300-350 мың теңге, ал бас энергетик 1 млн.теңгеге дейін жалақы алады. Жалпы,бұл жобаға өз қаражатымыздан шамамен 3 млрд. теңге инвестиция салдық. Болашақта мемлекет тарапынан қолдау болса, құрылысқа қажетті құрғақ қоспалар мен эмульсия шығаратын зауыт ашу жоспары бар.Өнім түрлері нарық талаптарына байланысты болады, – деді өндірісті дамытудың жоспарларымен таныстырған «Стальбетон» ЖШС коммерциялық директоры Динара Орынбасар.

Облыс әкімі атап өткендей, мемлекет тарапынан тиісті көмек ретінде зауыт ғимаратына дейін инженерлік инфрақұрылымды жүргізу мәселесінде қолдау көрсетілетін болады. Сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының бірін, соның ішінде жеңілдетілген несиелеуді пайдалану мүмкіндігі бар.

Бейбіт Исабаев кәсіпорындарды аралау барысында электр қуаты 84 МВт және жылу қуаты 59 Гкал/сағ болатын «Басқуат» қазандығы базасында бу-газ станциясын салу жобасының іске асырылуымен танысты. Бұл стратегиялық маңызды жоба Талдықорған қаласы тұрақты өсіп келе жатқандықтан, қаладағы жылу мен электр энергияларын толықтыруға бағытталған. Мысалы, биылдың өзінде қалада көпқабатты 27 үй салынады.

«Басқуат Энергопром» ЖШС бас директоры Арман Отарбаевтың айтуынша, жоба бірнеше кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезең 35 МВт электр қуатына және 26 Гкал/сағ жылу қуатына есептелген. Бұл ретте ІІ кезеңді 2027 жылдың қаңтар айының басында аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ газбен жабдықтауға және «Басқуат» қазандығының жылу желілеріне қосылуға техникалық шарттар берілді. Жылу трассасын төсеу жұмыстары бір айдан кейін басталып, қараша айының басында аяқталады.

– Біздің басты міндетіміз - жылу мен электр энергиясын толықтыра отырып, «Басқуат» қазандығының жүктемесін азайту. Сөйтіп облыс орталығындағы жылумен жабдықтау жүйесінің беріктігін қамтамасыз етеміз. Жоба біздің компанияның жеке инвестициясы есебінен жүргізіліп жатыр, – деді А.Отарбаев.

Айта кетейік, бүгінгі таңда жобаның І кезеңі аясында жоспарланған жұмыстардың 65% орындалған.

Жалпы, Жетісу облысында 565 өнеркәсіп орны жұмыс істейді, оның 14-і ірі, 11-і орта кәсіпорын. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2025 жылғы қаңтар-ақпан айларында 54,5 млрд. теңгені құрады, НКИ – 120,9%.  Бұл ретте өңір өнеркәсібі көлеміндегі өңдеу кәсіпорындарының үлесі 68,2% құрайды, оның ішінде тамақ, сусындар өндірісі, машина жасау және жеңіл өнеркәсіп бар.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Өзбектер Temu-ға тыйым салмақ, қазақтар неге қамсыз
07.03.2025ж. 11:54

Өзбектер Temu-ға тыйым салмақ, қазақтар неге қамсыз

Өзбекстаннан аталған маркетплейс 2024-жылы 10 миллион доллардан астам қаржы шығарған
FLYING AUTO – Қазақстандағы Changan-ның үш негізгі бренді: Changan NEVO, Deepal және Avatr-дың ресми дистрибьюторы
Отандық өнімдердің 3300-ден астам тізбесі әзірленген
Қазақстандық стартапты қазір 2200-ден аса компания қолданып жатыр

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →