×

«Бұл – уақытша ертегі»: Доллардың арзандауы халық өміріне қалай әсер етеді

Qaz365.kz тілшісі экономистердің пікірін біліп көрді

«Бұл – уақытша ертегі»: Доллардың арзандауы халық өміріне қалай әсер етеді
Коллаж: Qaz365.kz

Жұрттың көбі қазір таңнан бастап валюта бағамын аңдитын болған.

Доллардың арзандап, теңгенің күшейгені жөнінде қазір пікір әр алуан. Бірі мұның жағымды факторы бар десе, екіншісі «енді импорт тауарлары арзандауы мүмкін» деген қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың сөзіне скептикалық көзқараспен қарайды.

Доллардың 431 теңгеге дейін арзандауы уақытша құбылыс па? Үкімет мүшелері күткендей импорт тауарларының бағасы қаншалықты түседі? Осы фактордың өзі халықтың өміріне қалай әсер етеді?

Qaz365.kz тілшісі экономистердің пікірін біліп көрді.

Халыққа қауіп бар демеймін...

Экономист Жарас Ахметов теңгенің күшеюінің жайсыз факторына назар аударады. Айтуынша, біріншіден, бюджетке түсетін түсім азаяды. «Бұл сөзсіз» дейді ол. Себебі Қазақстанның мұнай экспортшылары экспорттық кеден бажын доллармен төлейді. Егер теңге бағамы күшейсе, доллар әлсіресе, тиісінше теңгемен шаққанда кеден бажының сомасы азаяды. Тиісінше, Ұлттық қорға түсетін түсім де азаяды.

«Доллармен өсетін шығар, бірақ теңгемен азаяды. Біздің үкімет қазіргі уақытта Ұлттық қордан көбірек қаражат алып жатқанын білесіздер. Сондықтан, доллардың арзандауы бюджет түсімін азайтады деуге болады. Ал оны азайту үшін Ұлттық қордан тағы ақша алу қайталануы немесе мемлекеттік қарыздың артуы мүмкін», - дейді ол.

Экономист үкімет бюджет шығынын азайта ма, әлде қазіргі деңгейде қалдыра ма деген сұраққа назар аударады. Егер қысқартатын болса, бұл фактор халықтың өміріне ықпал етеді. Қазіргі деңгейде қалдырса, халық оны сезбеуі мүмкін.

«Импорт шынында да арзандайды. Өйткені бұрын 480 теңге болған тауар қазір 430 теңгеге дейін төмендейді. Арзандау әлбетте болады. Импорт тауарлары арзандаса, ішкі нарықта отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі төмендеуі мүмкін. Қаншалықты төмендейтінін дәл қазір кесіп-пішіп айту қиын. Қазіргі қаржылай операциялар барысында біз доллар жұмсаудың орнына көбірек тауып жатқандықтан, теңге күшейіп жатыр. Тиісінше, долларды сату ұсынысы көбірек. Халық үшін қандай да бір үлкен қауіп бар деп айтпас едім. Халықтың өміріне бұл фактор кері әсер етеді дейтіндей себептер жоқ», - дейді ол.

Елге тиімді, ал экспортшыларға тиімсіз

Экономист Сапарбай Жобаев та теңгенің күшеюін экспорт өнімдері, мұнай, уран, метал бағасының сәл жоғары болып, біздегі төлем баласындағы ағымдағы шот оң нәтижемен валюта түсімі көбейгенімен байланыстырады. Оның сөзінше экспорт-импорттан түсетін доллар артқан.

«Оған қоса Ұлттық қордан бюджетке әр айда 200-300 млрд теңге аударылып жатыр. 4-5 млрд доллар көлеміндегі табысын жұмсап жатырмыз. Яғни біріншіден экспорттан түсетін валютамыз көп. Екіншіден, Ұлттық қорда жиналған 56-57 млрд доллардың да 1-2 млрд долларын айына сатып жатырмыз. Сол себепті валюта түсімі көбейіп, теңге күшейіп жатыр», - деп түсіндіреді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, жазға қарай долларға сұраныс көбеюі мүмкін. Бірақ әзірге валютаны сату көп. Билік әзірге Ұлттық банктің алтын валюта резервіне тиген жоқ. Себебі Ұлттық қордың ақшасы жеткілікті.

«Екіншіден, геосаяси жағдай бар: Ресейдің жағдайы долларға деген сұранысты азайтып жіберді. Неге? Себебі Ресейдің кәсіпорындары бізге байланған, сыбайлас, тығыз қарым-қатынаста. Оларға Еуропадан импорт тауарлары келмей қалды. Солайша, олар өзінің ішкі мүмкіндіктерін пайдаланып, өнеркәсібін дамытып жатыр. Әскери жағдайға қатысты салаларын. Ал ғылыми, жоғары технология тақырыптарын олар тоқтатып тұр. Олар шетел импортының тәуелділігінен шығу амалын қарастырып жатыр», - дейді ол.

Сапарбай Жобаев әдетте, ақшалы қазақстандықтар сәуірден бастап долларын сатып, Түркияға демалуға кететінін еске алады. Қазір Түркиядағы зілзаладан кейін біздің отандастар «одан да өзіміздің ішкерідегі туристік орындарды пайдаланған жөн шығар» деп ойланып қалған. Ресейде де сондай үрдіс байқалады.

«Біздің бюджетіміз, халықтың жағдайы, экономикамыздың теңгесіне байланысты. Егер осы бір доллар 430 теңгемен тұра берсе, онда мынадай мәселе туындайды: бидай сатып жатқан кәсіпорын 1 млн доллардың бидайын сатса, осыдан екі ай бұрын 460 млн теңгеге сатар еді. Ал қазір оның табысы 430 млн теңгеге төмендейді. 30 млн – 7-8 пайыз жоғалтып тұр. Бұл – біздің өндірушілерді ынталандырмайды. Экспортқа шығаратын өнімдерді жігерлендірмейді. Сондықтан, біздің үкімет Ұлттық қордан валюталық ресурстарымызды биржада сата беруді азайту керек. Теңгенің сәл де болсын түсуіне, бір доллар 450-460 теңгеге дейін түсуіне әсер ететін монетарлық саясатты жүргізіп, экспортшылардың, сыртқа шығарушыларды да ынталандыратын саясатты жүргізуі керек», - деп ойын ортаға салады ол.

«Бізге сонда 1 доллардың 450-460 теңге болғаны тиімді ме?» деген сұраққа экономист «сол бізге тиімді» деп жауап берді. Экономистің пайымдауынша, Қазақстанға ең керегі – теңгенің тұрақтылығы.

«430 теңге дұрыс дейін десең, күні ертең тағы 450 теңгеге шарықтап кетуі мүмкін. Бірақ дәл қазір бұл бағам отандық өндірушілерге соншалықты тиімді емес», - дейді ол.

Сапарбай Жобаев доллар арзандаса, расында да импорт тауарлардың бағасы арзандайтынын атап өтті. Мәселен, бір долларлық затты осыдан екі апта бұрын 445 теңгемен сатып алсаңыз, ол кешеден бері 431 теңге тұрады. Алайда экономистің айтуынша, бұл үрдісте доллар арзандауына түскен 7 пайыздық табысты саудагерлер қалтасына сала салуы мүмкін. Ал халық үшін тауар бағасын өзгертпейді. Сол себепті Жобаев мұның халық үшін әсері жоқ деген пікірді айтады.

«Жамаубаевтың айтқаны жүзеге аспайтынын айтып жатырмын. Біз дамушы мемлекетпіз. Ал дамушы мемлекетте доллардың сәл жоғары немесе төмен құбылуы соншалықты бағаға әсер етпейді», - деп түйді сөзін сарапшы.

Бұдан пайда түсірем деп ойлап қалмаңыз

Ал экономист Расул Рысмамбетовтың айтуынша, теңгенің долларға шаққанда күшеюін «қысқа мерзімді» деп бағалайды. Оның сөзінше, мұның басты себебі – мұнай көлемінен түскен көп-көрім табым. Былтыр мұнай баррелі орта есеппен 80-81 доллардан сатылып, 2022 жылғы жоспардан қарағанда мұнайдан табыс 103-104% артығымен түскен.

«Бірақ бұл уақытша ертегі. Фундаменталды тұрғыда Қазақстан экономикасы әлі де әлсіз, әртараптандырылмаған, сондықтан, кез келген «әдемі» көрініс ұзаққа бармайды. Оның үстіне теңге кемінде 2-3 тоқсан бойы күшейсе ғой. Меніше, осы апта теңгенің күшеюінің шарықтау шегі болуы керек. Келесі шарықтау шегін біз сәуір айында Федералды резерв жүйесінің отырысынан кейін бір апта өткен соң байқайтын шығармыз», - дейді ол.

Расул Рысмамбетов теңгенің ұзақмерзімді сипатта күшеюі үшін құрылымдық реформалар керек деп есептейді. Сарапшының пайымдауынша, теңгенің қазіргі күшеюінің сипаты тұрақсыз. Ал жеке бизнес үшін мұның пайдасынан гөрі салдары көп.

«Біздің елде шағын және орта бизнесті тұрақты түрде дамыту үшін инфляцияның аздығымен бірге теңге бағамы ең кемі 2-3 жыл бойы тұрақты болуы керек. Сол кезде ШОБ өнімді бола түседі. Ал қазіргі үрдіс – уақытша құбылым. Нығаю емес. Мен бүгін доллар сатып алуға барам. Өйткені іссапарым үшін маған доллар керек. Бағамдар осылай құбылған кезде пайда таба қоям деп ойламаңыз. Бағам құбылмалылығынан пайда табам десеңіз, сізге 5-10 млн теңге емес, кемі 5-10 млн доллар керек», - деп түйеді сөзін Расул Рысмамбетов.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Қазақстанда құны алтынмен тең цифрлық инвестициялық монета шығарылады
15.11.2024ж. 11:55

Қазақстанда құны алтынмен тең цифрлық инвестициялық монета шығарылады

Монеталар Астана халықаралық биржасының «TABYS» мобильді қосымшасы арқылы сатылады
KEGOC басқармасы 5 адамнан, ал директорлар кеңесі 7 адамнан тұрады
Бұл бизнесті жеңілдету және инновациялық жобаларға қатысу мүмкіндігі беріледі
Олар тұрғындарды шетелде жаңа пәтер мен көлік сатып алуға қызықтырған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →