2025 жылдың алғашқы төрт айында өндіріс көлемі 45 628 бірлікті құрады
Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі тұрақты өсімді және компоненттік базаның белсенді дамуын көрсетуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.
2024 жылдың қорытындысы бойынша сала кәсіпорындары 145 290 бірлік техника шығарды, оның ішінде 134 мың жеңіл автокөлік, 7 705 жүк көлігі, 2 942 автобус және 665 бірлік арнайы техника.
2025 жылдың алғашқы төрт айында өндіріс көлемі 45 628 бірлікті құрады — бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (22 583 бірлік) екі есеге жуық артық.
Бүгінде Қазақстанда автокөлік өндіретін сегіз ірі кәсіпорын жұмыс істейді: Қостанай қаласындағы «СарыаркаАвтоПром» ЖШС (Allur), Сарань қаласындағы «QazTehna» ЖШС, Алматы қаласындағы «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС және «Hyundai Trans Auto» ЖШС, Семей қаласындағы «СемАЗ» ЖШС және «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС, Көкшетау қаласындағы «КамАЗ-Инжиниринг» АҚ, және Орал қаласындағы «Уральскагрореммаш» АҚ.
Салада автокомпоненттік базаға ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылы Сарань қаласында Tengri Tyres шина зауыты іске қосылып, Алматыда Kazakhstan Mobility Engineering зауыты (мультимедиялық жүйелер өндірісі) және Almaty Autoparts Production зауыты (автоорындықтар өндірісі) ашылды.
«QazTehna» ЖШС шанақ бөлшектерін штамптайтын жабдықты жеткізуге келісімшарт жасады, ал «Qarmet» АҚ базасында автокөлік болатын шығару жоспарланып отыр. Бұл жобалар жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді және саланың технологиялық әлеуетін арттырады.
Жетісу облысындағы «Кайнар-АКБ» ЖШС шығарған аккумуляторлар белсенді қолданылып, Hyundai құрастыру желілерінде сынақтан өтіп жатыр, ал болашақта Kia көліктеріне де қолданылуы мүмкін.
«СарыаркаАвтоПром» ЖШС (Allur) зауытында отандық компоненттер – «Вектор Павлодар» ЖШС өндірген құйма дискілер және Tengri Tyres шиналары сәтті қолданылуда. Сонымен қатар, Hyundai Trans Kazakhstan және Allur өндірістік желілері жаңғыртылып, роботтандырылған жүйелер енгізілді, дәнекерлеу, сырлау және құрастыру учаскелері жаңартылды.
Локализация деңгейін арттыру мақсатында «СарыаркаАвтоПром» ЖШС (Allur) екі ірі автокомпоненттік өндіріс орталығын құру жобасын іске асыруда. «TEHNOPARK.KZ» ЖШС базасындағы Локализациялау орталығы-1 жалпы 30 000 м² аумақты қамтыса, «ProProduction» ЖШС базасындағы Локализациялау орталығы-2 — 25 000 м². Бұл өндірістік алаңдарда интерьер және экстерьерге арналған пластикалық бөлшектер, салонның ішкі сәндік әрлеуі, глушительдер, электр сымдары, орындықтар, герметик, мастика және шығару жүйелері өндірілетін болады. Бұл орталықтардың іске қосылуы импортқа тәуелділікті азайтып, Қазақстанның автокөлік өнеркәсібіндегі позициясын нығайтуға септігін тигізеді.
Мемлекет сала дамуын тұрақты түрде қолдап отыр: нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, тарифтік және бейтарифтік ынталандыру шараларын енгізу, сондай-ақ кооперациялық байланыстарды нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Айта кетерлігі, 2010–2020 жылдары жүзеге асқан өнеркәсіптік жинақтау туралы келісімдер аясында қазақстандық автозауыттар дәнекерлеу мен сырлау процестерін жолға қойып, жоғары деңгейдегі локализацияны және саланың технологиялық жетілуін дәлелдеді