×

Аспан «Оскары» Air Astana еншісінде: әуе компаниясы ОА мен ТМД-да үздік атанды

Қазақстандық әуе тасымалдаушы Орталық Азия мен ТМД бойынша үздік деп танылды

Аспан «Оскары» Air Astana еншісінде: әуе компаниясы ОА мен ТМД-да үздік атанды

Атақты «Париж — Ле Бурже» халықаралық авиасалоны аясында беделді World Airline Awards 2025 жүлдесін табыстау салтанаты өтті. Іс-шараны ұйымдастырған — Ұлыбританиялық Skytrax агенттігі. Бұл марапаттау рәсімінің басты жеңімпаздарының бірі — Қазақстан атынан қатысқан Air Astana компаниясы, деп хабарлайды Qaz365.kz.  

Қазақстанның азаматтық авиациясындағы жетекші әуе тасымалдаушысы 14 жыл қатарынан «Орталық Азия мен ТМД-ның үздік әуе компаниясы» атағын иеленіп келеді. 2025 жыл да ерекшелік болмады: Air Astana бұл мәртебені тағы да растады. Бұл — әлемнің 100-ден астам елінен жолаушылар арасында жүргізілген тәуелсіз сауалнама нәтижесі.

Air Astana компаниясының президенті Питер Фостер бұл марапатты үлкен құрмет деп атап өтті. 

— Біз үшін «Париж — Ле Бурже» авиасалонында осындай марапатқа ие болу — зор мақтаныш. Бұл жолы да қатарынан 14-рет «Орталық Азия мен ТМД-ның үздік әуе компаниясы» атандық. Бұл — бүкіл Air Astana ұжымының қажырлы еңбегінің нәтижесі, — деді ол.

Сонымен қатар, Air Astana «Өңірдегі ең үздік борттық қызмет көрсету» номинациясында да жеңімпаз атанды. Әуе компаниясының борттық қызмет көрсету жөніндегі вице-президенті Елена Обухова халықаралық мойындаудың маңызын айтты.

— Біздің жұмысымыздың әлемдік деңгейде мойындалуы — үлкен мәртебе. Бұл — тек біздің компанияны ғана емес, бүкіл елімізді әлемге таныту. Бұл марапат — борттағы және жердегі қызметкерлерден бастап кеңседегі мамандарға дейін, күн сайын сапа үшін еңбек етіп жүрген бүкіл ұжымның ортақ жетістігі. Бұл — бейтарап марапат, себебі ол жолаушылардың шынайы пікірлеріне сүйеніп беріледі. Сондықтан да біз үшін бұл ерекше маңызды, — деді ол.

Елена Обухованың айтуынша, компания жаңа ғана енгізілген Global Airline рейтингінен де көрініп, жаңа номинациялар бойынша да жеңіске жетуге ұмтылып отыр. Әсіресе, «Әлемнің ең үздік экипажы» («Best Cabin Crew in the World») санаты назарда. Сонымен қатар, вице-президенттің пікірінше, «Эйр Астана» ұсынатын жолға арналған жинақтар (amenity kits) — бес жұлдызды деңгейге сай және марапатқа әбден лайық.

Air Astana ұшақ экипажының қызмет сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан Excellence жобасы кеңейтіліп жатыр. Бұл бастама әр рейсте — мейлі ол Қазақстан ішіндегі бағыт болсын, халықаралық маршрут болсын — бірдей жоғары сапа көрсетуге бағытталған.

— Біз бортсеріктеріміздің өзара қарым-қатынасына, қызмет көрсету мәнеріне, жолаушылармен сөйлескен тіліне дейін мән береміз. Әр бағыттың ерекшелігін ескереміз, өйткені бұл — жолаушылар үшін маңызды. Мысалы, корей ұлтының жолаушыларына арнайы корейше сөйлейтін бортсерік, корей соустары мен арнайы таяқшалар ұсынылады, — дейді ол.

Компания өкілінің айтуынша, қазір Қытайдан келетін жолаушылар саны артып келеді. Осы ретте Air Astana Қазақстанды халықаралық деңгейде таныту мақсатында Туризм министрлігімен тығыз жұмыс жүргізіп жатыр.

— Біз Қазақстанды халықаралық аренада насихаттауға күш салып келеміз. Осы бағытта «Қазақстанды аш!» («Open Kazakhstan») жобасын іске қостық, — деді Обухова.

Air Astana халықаралық нарықтарда ұшу бағыттарын кеңейтіп келеді. Келесі маңызды жоспар — Токио қаласына тікелей рейс ашу. Бұл бағыт 2026 жылы іске қосылады деп күтілуде.

— Қазірдің өзінде біз Жапония бағытын зерттеп жатырмыз. Ондағы дәстүрлерді, мәдени ерекшеліктерді зерделеп, соған сай жаңа элементтерді біздің қызметімізге енгізуді жоспарлап отырмыз, — деді вице-президент.

World Airline Awards — бұл әлемдік авиация саласындағы беделді марапат. Ол 1999 жылдан бері өткізіліп келеді және компаниялардан қатысу үшін ақы алынбайды. 2025 жылғы сауалнама онлайн түрде қыркүйектен мамырға дейін жүргізілді. Оған әлемнің 100-ден астам елінен 20 миллионнан астам жолаушы қатысып, 300-ден аса әуе компаниясын бағалаған.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Қазақстандық лоукостер Skytrax World Airline Awards 2025 жүлдесіне ие болды
Өңір шағын бизнесті дамыту және мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігі бойынша 1-орынға ие болды
Орталықты 60 жылдан астам тәжірибесі бар австриялық компания салатын болды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →