×

Қарағандылық кәсіпкерлер салық жүйесіндегі әділдік әлеуметтің әл-ауқатына әсер ететініне сенімді

Ұлттық Құрылтай – бүгін мен болашақтың сабақтастығы

Қарағандылық кәсіпкерлер салық жүйесіндегі әділдік әлеуметтің әл-ауқатына әсер ететініне сенімді

Ұлттық Құрылтай ұлттың бүгіні мен болашағын безбендеп, келешектің кемелдігі үшін кеңес құратын мәжіліске айналғанын қоғам бүгінде мойындайды. Құрылтай мінберінде жүріп өткен жол ғана емес, ертеңгі атар таңның қандай болмағы болжанса, алқақотан ашық диалог алаңында бұқараның үні естіледі.

Биыл төртінші отырысы өткен Ұлттық Құрылтайда да жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлер кезеңінде ұлттың ұпайы түгелденуі  үшін мәмілелескен маңызды мәселелер қаузалды. Қазақ қоғамы үшін мұндай Құрылтайдың шоқтығы  қалқан төңкергендей биік. Бұл – ұлттық болмысты сақтап, жаңғырудың, елдік мұраттарды бір арнаға тоғыстырудың  тетігі. Мұны алуан саладағы сарапшылар мен көптің дауысына айналған үкіметтік емес ұйым өкілдері де растайды. Өйткені, Ұлттық Құрылтайдың төртінші отырысында салық жүйесін  әділетті ету, орта тапты қолдау, әлеуметтік теңсіздікті азайту, сол арқылы елдегі әр азаматтың өмір сапасын арттыру басты міндет-меже ретінде айқындалғаны мәлім. 

Сонымен бірге, жастардың жұмыспен қамтылуы да ұмыт қалған емес. Болашақтың тұтқасы – оларды  ғылымға, кәсіпкерлікке, еңбекке ынталандыру – бүгіннің өзекті тақырыбы. Мұның сыртында инклюзивті білім беру, мүмкіндігі шектеулі  балалардың толыққанды білім алуы да мемлекеттің ұдайы бақылауындағы іс. Осындай қоғамдағы қым-қуат қатерлер тасасында ұлттық бірегейлік құндылықтардың қалып қоймауы да зор маңызға ие. Сол себепті де ол Құрылтайда тағы салмақтана түсті. Экология мен табиғи ресурстар, ғылым, цифрландыру, жаңа технологиялар, оған қоса  қауіпсіздік пен геосаяси тұрақтылық та шетін мәселе ретінде  назарға алынғаны  белгілі. Соның ішінде, ел экономикасының драйверіне айналуы тиіс – кәсіпкерліктің қанат жаюына ықпал ететін салық жүйесіндегі өзгерістерге кәсіпкерлер қауымы ерекше ден қойып отыр. Олар салық жүйесінің әділдігі – халық тұрмысының, әл-ауқатының өсуінің  кепілі екенін жете түсінеді.
 Қарағанды облысының кәсіпкерлер қауымдастығының басшысы Серік Санаубаев Qaz365.kz тілшісіне ел азаматтарының әл-ауқатын арттыру және мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындауға Президент үнемі кепілдік беретінін атайды. 

– Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың төртінші отырысында  Үкімет әзірлеген салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді мақұлдап, олардың негізгі экономикалық және әлеуметтік факторларды ескеретінін еске салғанын білеміз. 
Атап айтқанда, сарапшылар қауымы, жалпы, қоғам да қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттілігін түсінеді. Мұндай тәжірибе көптеген шетелдерде қолданылады, – дейді Серік Санаубаев. 

Қауымдастық басшысының айтуынша,  Президенттің  мемлекет тарапынан жасалатын  әлеуметтік көмекті бірінші кезекте мұқтаж азаматтарға бағыттау, басымдыққа ие емес шығындарды қысқарту туралы тапсырмасы күн тәртібінде өзекті.

–Осыған байланысты Үкіметке жыл соңына дейін бюджеттің басымдыққа ие емес шығыстарын оңтайландыру тапсырылғанын білеміз. 
Әлеуметтік салықтан түсетін түсімдер қазір облыс әкімдіктерінің қарамағында қалатыны белгілі. Мемлекет басшысы бұл ақшаны үнемді және тиімді жұмсауды қадап айтты. Демек, елге пайдалы әлеуметтік маңызы бар жобаларға басымдық берілетін болады. 

Бұл ретте өңірлерге әлеуметтік нысандарды салуға қайтарылған заңсыз активтерден де қаражат бөлінуде. Мәселен, үш жыл ішінде 2 трлн теңгеден астам қаражат қайтарылған, – деді ол. 
Серік Санаубаев Қарағанды қаласының  кәсіпкерлері  мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдауға қатысты және салық заңнамасына енгізілетін өзгерістерге үн қосқанын жеткізді. Осы орайда  мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың әріптестігін нығайту мәселелері ұдайы назарда дейді. 

– Үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне қатысты жаңа заңнамаға енгізілетін ұсыныстар талқыланды.
Талқылауға қатысушылар қаржыландыру, есептілік, ҮЕҰ-ның мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды іске асыруына байланысты  негізгі өзгерістер бойынша пікір алмасты.
Мұндай іс-шаралар мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы сындарлы диалогты қалыптастырады. Халықтың сенімін нығайтады. Қоғам игілігі үшін тиімді әріптестікке жағдай жасайды, – дейді қауымдастық басшысы. 

Расында, қазіргі қазақ қоғамы  жаһандық өзгерістердің қақ ортасында тұр. Технология дамып, ақпарат легі толассыз ағылуда. Соның салдарынан туындаған тосын сұрақтарға қоғам жауап іздеу үстінде. Осындай сәтте Ұлттық Құрылтай – ұлттық сананы тереңдетудің, бұқара мүддесін  билікке жеткізудің, мемлекет пен қоғамның  алтын көпіріне айналған.  

– Құрылтайда тек мемлекеттік бағдарламалар ғана емес, елдің рухани кеңістігі, мәдени мұрасының болашағы, жастардың арман-мұраты да талқыланады. Ұлттық Құрылтай арқылы біз өзімізге сұрақ қоямыз: біз кімбіз, қайда бара жатырмыз, қандай ұрпақ тәрбиелеп отырмыз? – деді спикер.

Ұлттық Құрылтай – қазақтың рухани жаңғыруының, мемлекет пен халықтың даму жолын таңдауының көрінісі. Құрылтайдың мәні – елдің тағдырын бірге талқылап,  болашақты бұқарамен бірге қалауда дейді қоғам қайраткерлері. 
  
 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
«Altay Invest-2025»: Логистика, экспорт және туризмге жаңа серпін
26.09.2025ж. 13:06

«Altay Invest-2025»: Логистика, экспорт және туризмге жаңа серпін

Шығыс Қазақстанда «Altay Invest-2025» халықаралық форумы ашылды
Алдағы үш жыл ішінде Алматы облысында 110 гектар жерге алма ағашы отырғызылып, әйгілі апорт сорты қайта жаңғыртылмақ
Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Digital Bridge 2025 форумына қатысу үшін Қазақстанға келеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →