×

Астанада «Құқықтық дәріхана» көмек береді

Тұрғындарға кейде өз құқықтары мен міндеттерін қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндіру жетіспейді

Астанада «Құқықтық дәріхана» көмек береді
Сурет: Астана ақшамы

Елорданың «Mega Silk Way» сауда-ойын-сауық орталығында «Құқықтық дәріхана» атты заңгерлік акция өтті деп хабарлайды Qaz365.kz .

Астана қаласының прокуратурасы мен қала әкімдігі тарапынан «Заң және тәртіп» нарративін жүзеге асыру шеңберінде ұйымдастырылған шараның басты мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, қолданыстағы заңнаманың нормаларын түсіндіру, құқықтық мәселелерді шешуге көмектесу.
Тұрғындарға кейде өз құқықтары мен міндеттерін қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндіру жетіспейді. Сол себепті бұл бастама қолға алынып отыр. Жоба аясында кез келген азамат ыңғайлы уақытта және қолжетімді жерде маманнан кеңес ала алады. Мәселен, бүгін тұрғындар әлеуметтік қорғау, кәсіпкерлік, медицина, білім беру, баспана сияқты түрлі салалар бойынша өзекті мәселелер жөнінде тегін заңагерлік кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.

«Біз мұндай акцияларды ірі сауда орталықтарында өткізіп жүрміз және қала тұрғындарынан жақсы пікір алдық. Мұнда Әділет, полиция, денсаулық сақтау, білім беру, салық қызметі департаменттерінің өкілдері қатысып отыр. Бұл өте ыңғайлы – ең өзекті сұрақтар бойынша тегін консультациялар мен ұсыныстар алуға болады. Шағым беруге немесе өз ұсынысыңызды жолдауға мүмкіндік бар. Бірнеше маманнан бірден кеңес алуға болады. Халық өте көп келеді, өткен акцияда шамамен 800 адам құқықтық көмек алды. Бүгін одан да көп болады деп ойлаймын», – дейді Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Айгерім Өмірзақова. 

Мамандардан  көмек алуға келген зейнеткердің бірі – Гүлнар Беспалинова. Ол «Сарыарқа» аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі екен.  «Бізді, яғни зейнеткерлерді дәрі-дәрмек мәселелері қызықтырады. Импорттық медикаменттерге салынатын салық өсіп-өспейтіні, оның бағаға қалай әсер ететіні жайлы білгім келіп келді. Сондай-ақ зейнеткерлерге дәрілер бойынша қандай да бір жеңілдіктер бар ма –  осы мәселе де мені толғандырады» дейді ол.  
Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейтін акция брысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен де азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. 

 «Мұндай іс-шара маған ұнады. Осындай көпшілік жүретін орындарда тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын басшылардың қабылдауына баруды күтіп жүрместен, жергілікті билік өкілдерінен тікелей қоя алады», – деді зейнеткер Шара Мұхамедшакирова. 

 

Ал Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаевтың айтуынша, бүгінде елордадағы үш ауысымды мектептердің мәселесі реттелген. Қазіргі таңда тұрғындардың көпшілігін балабақша мәселесі ойландырады.  

«Президенттің бастамасымен іске асырылып жатқан «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылып отырған бүгінгі іс-шарада қалалық прокуратура мен департаменттердің, елорда әкімдігінің басқармалары мен құрылымдық бөлімдерінің басшылары, жауапты мамандары тұрғындарға заңдар мен құқықтық нормаларды түсіндіріп, консультация беріп жатыр. Сауда және ойын-сауық орталығындағы кез келген азамат мемлекеттік органдардың құзыретіне қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қоюына мүмкіндік бар» деді Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мирас Абдрахман. Оның айтуынша, мұндай акциялар алдағы уақытта да жиі ұйымдастырылатын болады.

Айта кеткен жөн,  Астанада тұрғындарға құқықтық көмек көрсету бойынша – «Құқықтық дәріхана» атты ауқымды акцияның басталғанына біршама уақыт өтті.  Консультациялық пункттің жұмысы бірнешге бағыттарды қамтиды. Өзекті құқықтық сұрақтарға жауап беру, түрлі өмірлік жағдайларда әрекет ету алгоритмдерін түсіндіру және қажет болған жағдайда азаматтардан жазбаша өтініштерді қабылдау.
Еске сала кетейік, кеңестер тегін, алдын ала жазылуды қажет етпейді және қарапайым түрде жүргізіледі. Прокуратура елорда тұрғындары мен қонақтарын осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →